«Ауыл» партиясы Құрылтайға 69 кандидат ұсынады

«Ауыл» партиясы биылғы Құрылтай сайлауына 69 кандидат ұсынып отыр.

Үміткерлердің басым бөлігі 35 пен 55 жас аралығындағы сақа саясаткерлер. Бұл туралы бүгінгі партияның кезектен тыс XXVI съезінде белгілі болды. Сонымен қатар жиында «Ауылдың» сайлауалды бағдарламасы да бекітілді. Ол негізгі төрт бөлімнен тұрады және 7 негізгі бағытты қамтиды. Бұл қатарда азық-түлік қауіпсіздігі, инфрақұрылым және әлеуметтік саясат, білім мен ғылым, экология, дәстүрлі отбасылық құндылықтар бар. Сондай-ақ бүгін «Ауыл» партиясының Саяси кеңесінің жаңа құрамы бекітіліп, оған 29 адам енді. Жаңа тізімдегі жандардың жартысына жуығы ауыл шаруашылығы саласының мамандары. Осылайша партия аймақтардағы шаруа қожалықтарының дамуына жағдай жасап, тұрғындардың әл-ауқатын көтеруді көздеп отыр.

Серік Егізбаев, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары:

- Біз Парламентте де, аймақтарда да белсенді жұмыс істедік. Әр сапарымызда халықтан 100-ден астам өтініш, арыз-шағым түсетін. Біз сол мәселенің барлығын реттеп, бүгін съезд талқысына алып шықтық. Бүгін қозғалған тақырыптың барлығы біздің сайлаушыларымыздан келіп түскен өтініштер. Сондықтан сайлауалды бағдарламамыз өзекті болады деп сенемін.