Қазақстан-Өзбекстан бірлескен үкіметаралық комиссиясының отырысы өтті

Биыл Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2,3 млрд долларға жетті.

Еліміздің экспорттық әлеуеті металлургия, машина жасау, мұнай және химия өнеркәсібі, фармацевтика, құрылыс материалдарын өндіру саласында айқын байқалды. Бұл туралы Ақтауда екі жақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссия отырысында айтылды. 

Талғат Исламұлы, тілші:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қараша айында Өзбекстанға жасаған жұмыс сапары аясында бауырлас қос елдің арасындағы сауда байланысы, жүк тасымалын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыс жоспары түзілді. Сол жылдың өзінде екі жақты сауда көлемі $4,8 млрд болды. Ал биылғы 5 айда бұл көрсеткіш 37%-ға артты. Өзбекстандық тарап Маңғыстауға сапарында теміржол, сондай-ақ Ақтау және Құрық порты өтетін экспорттық жүк тасымалы көлемін арттыруға мүдделі екенін байқатты.

15 бірлескен жоба жүзеге асты

Соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан жалпы құны 227 млн доллар болатын 15 жобаны жүзеге асырды. Нәтижесінде 5 мыңдай жұмыс орыны құрылды. Тағы 80 жобаны бірлесе атқару жөнінде екі жақты келісім бар. Былтыр бауырлас елдің арасындағы теміржол тасымалы 16%-ға өсіп, 32,3 млн тоннаға жетті. Көлемін одан әрі ұлғайту үшін теміржол дәліздерінің өткізу қабілетін 35-тен 60 млн тоннаға дейін арттыру жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленді, деді Олжас Бектенов.

Олжас Бектенов, Қазақстан Республикасының премьер-министрі:

- Біздің мақсатымыз - мемлекет басшылары айқындап берген барлық міндеттерді толық жүзеге асыру. Өзбекстан дәстүрлі түрде Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі саналады. Оған еліміздің Орта Азия мемлекеттерімен жалпы тауар айналымының шамамен 55%-ы тиесілі. Алайда біздің алдымызда екі жақты тауар айналымын 10 млрд долларға дейін жеткізу міндеттің тұрғаны мәлім. Мақсат ауқымды болғанымен қалыптасқан әлеуетті ескере отырып бұған қол жеткізу әбден мүмкін.

Абдулла Әріпов, Өзбекстан Республикасының премьер-министрі:

- Өзбекстан мен Қазақстанның қарым-қатынасында тұрақты әрі оң даму серпінін көріп отырмыз. Екі елде 10 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы саласында ауқымды бірлескен жобалар жүзеге асуда. Бауырлас мемлекеттер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға елеулі үлес қосарымызға сенімдімін.

Тараптар мәдени-гуманитарлық байланысты дамытудың маңыздылығына бөлек тоқталды. Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстанның тарихи-мәдени нысандарын ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу үшін «Ұлы Жібек жолы: Ферғана - Сырдария дәлізі» трансұлттық номинациясына қосу бойынша бірлескен жұмыс жалғасуда. Жиын соңында өнеркәсіп, көлік-транзит және экономика саласындағы әріптестікті жандандыру жөніндегі құжаттарға қол қойылды.

Қазақстан мен Өзбекстан өңір басшылары кеңесінің бірінші отырысы

Премьер-министрлер бұдан соң Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері басшылары кеңесінің бірінші отырысына қатысты. Екі елдің 300-ден астам бизнес өкілінің басын қосқан кездесуде «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын толыққанды іске қосудың маңыздылығы ерекше аталды. Маңғыстау және Түркістан өңірі, Шымкент әкімдігі мен Өзбекстанның Жизақ, Сырдария және Ташкент облыстары арасында бірқатар келісім жасалды.

Нұрдәулет Қилыбай, облыс әкімі:

- Өңірімізде 1800-ден астам Өзбекстан Республикасының үлесі бар мекемелер жұмыс жасап тұр. Оның ішінде 7,5-8 мыңға жуық өзбекстандық азаматтар біздің Маңғыстау облысында тұрып жатыр. әрине, бұл одан әрі дами беретін болады. Жобамен қазан айларында Ташкент қаласында Маңғыстау-Өзбекстан бизнес-форумын өткізуді жоспарлап отырмыз. Жақын арада біздің 12 кәсіпкеріміз Ташкетке барып, қосымша келіссөздер жүргізетін болады.

Зойир Мирзаев, Ташкент облысының әкімі:

- Қазақ елінің теңіз арқылы көлік-транзит әлеуеті жоғары екенін білеміз. Логистикасыз бизнесті дамыту мүмкін емес. Сондықтан да  бауырлас елмен сенімді серіктес болуға мүдделіміз. Соңғы уақытта бірлескен технопарк құруға алғашқы келісімдер жасалды. Бұдан бөлек Ташкенттің Янгиюль ауданында қазақстандық компаниямен құны 300 млн доллар болатын ауқымды жоба жүзеге асты. Ол «А» санаттағы логистика орталығы.

Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі:

- Ташкент облысымен тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Бұдан бөлек Самарқанд облысы мен Бұқара, Хиуа өңірлерімен келісімшартқа келіп бауырластық орнаттық. Бірінші бағытта туризм мәселесін дамыту бойынша. Былтырғы жылдың өзінде 1,5 млн турист қабылдаған болатынбыз. Ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 116% өсім көрсетіп отыр.

Талғат Исламұлы, тілші:

Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері басшылары кеңесінің бірінші отырысының қорытындысында бірқатар меморандумға, жалпы құны 80 млрд теңге болатын коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Айта кетсек, еліміздің төрт аймағы Өзбекстанмен және оның құрамына кіретін Қарақалпақстанмен шектеседі. Екі ел арасындағы шекараның жалпы ұзындығы 2,3 мың шақырым.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев