Ұлытауда Құрылтай сайлауына дайындық басталды

Құрылтай сайлауында Ұлытау облысында 127 сайлау учаскесі жұмыс істейді.

Оның төртеуі уақытша ұстау изоляторы мен емдеу мекемелерінде орналасқан. Өңірде алдағы саяси науқанға қызу дайындық жүріп жатыр. Учаскелер материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Мүгедектігі бар азаматтар санатына жататын сайлаушыларға арналған тиісті кабиналар жасақталады. Қазір өңірде 138 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Ал кәмелет жасына енді толған 600-ге жуық жас азамат алдағы сайлауда алғаш рет дауыс береді.

Лаура Нұрланова, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі:

- Дайындық өз деңгейінде жүріп жатыр, оның бірі орталық сайлау комиссиясы белгілеп берген күнтізбелік жоспарға сай. Кезең-кезеңімен, мерзімінде жүріп жатыр. Сайлау учаскелеріне сайлаушылар тізімі 2 тамызда беріледі. Ал 7 тамызда әр азамат өзін тексере алады тізімнен.