ҚХП: Классикалық музыка арқылы ашық диалог

Бүгін сайлауалды үгіт-насихат науқанының төртінші күні. Құрылтай сайлауына түсетін партиялар өңірлерді аралауын жалғастырды. Саяси бірлестік мүшелері өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып жүр.

Қазақстан халық партиясының бастамасымен Алматыда Мәңгілік классика акциясы өтті. 28 панфиловшылар саябағында ұйымдастырылған шара мәдениет пен қоғамдық диалогты ұштастырады. Келушілер ішекті квартеттің орындауындағы әлемдік классикалық музыканы тыңдап, партияның сайлауалды бағдарламасымен танысты. Оның ішінде білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға мән берілген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай формат халықпен ашық байланыс орнатуға және өзекті мәселелерді бейресми жағдайда талқылауға жол ашады. Іс-шараға партия мүшелері, өнер жұлдыздары және Құрылтай сайлауына ұсынылған кандидаттар қатысты. Мұндай жиындар алдағы уақытта да жалғасын табады, - дейді партия мүшелері.

Бейбіт Құсайынов, Қазақстан халық партиясы төрағасының орынбасары:

- Тізім бойынша айта кетсек, біздің партиямыздың саяси тізімінде 72 адам бар. Олардың ішінде әншілер бар, актерлер бар, ғалымдар мен мұғалімдер бар. Тіпті кезінде мемлекеттік қызметте істеген азаматтар бар.