Туристік орындарда дауыс беру жәшіктері қойылады

Құрылтай сайлауы күні Ташкент қаласының маңайындағы туристік орындарда жылжымалы дауыс беру жәшіктері қойылады. Осылайша, саяхаттап жүрген ел азаматтары да  өз таңдауларын жасай алады.

Жалпы Өзбекстан астанасындағы нөмірі 431 сайлау учаскесі - шет мемлекеттердегі ең ірі дауыс беру орындарының бірі. Консулдық есеп бойынша көрші елде тұрақты тұратын және уақытша жүрген 800-ге жуық Қазақстан азаматы бар.  Дауыс беру учаскесі төрағасының айтуынша, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да үйде таңдау жасауы үшін дауыс беру жәшіктерін жеткізетін арнайы топтар жасақталады.

Сержан Сәрсенбаев, Өзбекстандағы Қазақстан Елшілігінің кеңесшісі, №431 сайлау учаскесінің төрағасы:  

- Ташкент маңайында орналасқан туристік орындарда сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін арнайы жәшіктер болады. Және ол жұмыстар таңғы 7-ден бастап кешкі сегізге дейін кез келген Қазақстан азаматына өз таңдауын жасауға мүмкіндік жасалатын болады.