Құрылтай сайлауына үгіт-насихат жұмыстары қарқын алды

Құрылтай сайлауына үгіт-насихат жұмыстары қарқын алды.

Дауыс беру күніне дейін 2 аптадай уақыт бар. Партиялар қала мен ауыл-аудандарды аралауын жалғастырып келеді. Саяси бірлестік мүшелері тұрғындарға сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, кәсіпорындарда еңбек ұжымдарымен кездесіп жатыр.

«Әділет» партиясының сайлауалды штабы ШҚО тұрғындарымен кездесті

"Әділет" партиясының республикалық сайлауалды штабының мүшелері Өскемен қаласына барды. Кандидаттар Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде білім, медицина, бизнес, ғылым мен мәдениет және зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Жиында әйелдер көшбасшылығын дамыту, шағын бизнесті қолдау, ірі компаниялармен ынтымақтастық және шекара маңындағы аумақтарды дамыту мәселелері сөз болды. Онан кейін үстел теннисі орталығында болып, бұқаралық және адаптивті спортты дамыту, мүмкіндігі шектеулі спортшыларды қолдау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ тез құрастырылатын модульдік спорт нысандарын салу туралы ұсыныс айтылды. Жиынға қатысушылардың пікірінше, мұндай нысандар шағын елді мекендер үшін өте қажет. Бұл жыл бойы спортпен айналысуға мүмкіндік береді.

Аяулым Әмренова, ҚР фристайл могулдан ұлттық құрама мүшесі:

- Бүгінгі күнде Қазақстанда денешынықтыру және спортты дамытуға байланысты көптеген жағдай жасалуда. Оның басты мақсаты халықтың спортпен тұрақты шұғылдануына және салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады. Әділет партиясының сайлауалды бағдарламасымен тыныстым. Онда спорттың спорт туралы көптеген маңызды дүниелер айтылған.

Respublica партиясы еңбек ұжымдарымен кездесті

Respublica партиясының өкілдері Ақтөбедегі бірқатар өндіріс орны жұмысшыларымен жүздесті. Ет өнімдері мен қой жүнін өңдейтін кәсіпорындарда, минералды тыңайтқыштар шығаратын зауытта болды. Саяси бірлестік мүшелері сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Тұрғындардың көкейтесті сауалдарына жауап берді. Негізінен жалақы мен зейнетақы, медициналық сақтандыру, салық кодексі, тауар экспорттаушы компанияларды қолдау сияқты түйткілді сұрақтар талқыланды. Ақтөбе облысы аумағы жағынан елдегі ең ірі өңір болғандықтан және облыс орталығындағы халық саны бойынша Шымкенттен кейінгі 4-орында тұрғандықтан келешегі кемел аймақ саналады. Мұнда қазірден бастап шағын және орта бизнестің дамуы аса маңызды дейді, партия өкілдері.

Дана Бекбауова, Respublica партиясы Ақтөбе ОФ төрағасы:

- Өңдеу саласындағы кәсіпорындарды араладық. Мұндағы мәселелер негізінен экспортқа қатысты. Шетелде сұранысқа ие өнім шығаратын компания өкілдері тауар жеткізуге қатысты мәселелер көтерді. Жүк тасымалы кезінде бірқатар қиындыққа кезіп жатады. Экономикамызды әрі қарай дамытып, өндіріс орындарын өркендету үшін кедергілерді жою қажет.

ҚХП өкілдері медицина қызметкерлерімен кездесті

Қазақстан Халық партиясының өкілдері Шымкент қаласында медицина қызметкерлерімен кездесті. Жиында мамандардың күнделікті жұмыс барысында кездесетін мәселелері талқыланды. Солардың бірі кадр тапшылығы. Салаға жас мамандарды тарту және олардың кәсіби тұрғыда өсуіне жағдай жасау жолдары сөз болды. Партия өкілдері медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру жайын сөз етті. Олардың айтуынша, бүгінде дәрігерлер өз жұмыстарының камераға түсіріліп, мән-жай анықталмастан әлеуметтік желілерге жариялануы сияқты жағдайларға жиі тап болады. Бұл медицина мамандарына қосымша психологиялық салмақ түсіріп, эмоционалдық қажуға әкеледі.

Ләззат Ақтаева, Қазақстан халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

- Сонымен қатар МӘМС, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының шығындарын толық, ашық, цифрлық түрде көрсету керек. Тұрғындарға көрсету керек, дәрігерлерге көрсету керек. Сол кезде ашық жүйе болады. СКЛ Балаларға. жүкті әйелдерге, қарт адамдарға тегін профилактикалық тегін тексерулердің тізімін кеңейту керек.

«Ақ Жол» партиясының кандидаттары еңбек ұжымымен кездесті

«Ақ Жол» демократиялық партиясы Құрылтай алдындағы сайлауалды үгіт-насихат кездесулерін жалғастырды. Бүгін партия жетекшісі Дания Еспаева бастаған республикалық штаб мүшелері мен кандидаттар Екібастұздағы қалалық су арнасы және электр желілері кәсіпорындарында болды. 1300 адам жұмыс істейтін еңбек ұжымына сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жылу желілері мен инфрақұрылымды жақсарту мәселелерін талқылады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру, азаматтардың банкпен жұмыс үстеу мүмкіндігін жақсарту, сондай-ақ баспанамен қамту жайы айтылды.

Дания Еспаева, «Ақ Жол» демократиялық партиясының төрағасы:

- Бұл қала шағын болғанымен, әлеуеті өте жоғары. Тіпті алдағы уақытта мұнда дата-орталықтар да ашылады. Біз бүгін екі ұжыммен кездестік. Бұл қаланың ең көне кәсіпорындары тұрғындарды күні-түні жарықпен, сумен және жылумен қамтамасыз етіп отыр. Компанияның қалай жұмыс істейтіні тұрғындар үшін маңызды болса, еңбек адамдарының жағдайы мен кәсіпорынның мәселелерін шешу де соншалықты маңызды.

«Ауыл» партиясының мүшелері аймақ тұрғындарымен кездесті

"Ауыл" партиясының кандидаттары Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті. Басқосуда саяси ұйым өкілдері сайлауалды бағдарламасын таныстырып, негізгі бағыттарына тоқталды. Сонымен бірге, жиында азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, ауылдарда жаңа жұмыс орындарын ашу, тозығы жеткен ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жайы сөз болды. Ал жергілікті халық елдімекендерде тұрғын үйлер салу, диқандарға субсидия беру мәселелерін көтерді.

Дәл осында шара Ақмола облысы Қырыққұдық ауылында да өтті. Оған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан тіркелген байқаушылар қатысты. Жиында тұрғындар жайылымдық жердің жетіспейтінін айтып, осы мәселеге қатысты сұрақтарын қойды.

Қайрат Айтуғанов, "Ауыл" партиясының төрағасы:

- Біз бүгінгі таңда 354 ауылды аралап шықтық. Оларды бірінші жол мәселесі, екінші интернет мәселесі, ең үлкен маңызды жұмыс мәселесі. Оны біз қандай жобалар бар айтып жатырмыз. Ондай жобалар көп. Оны қазір үкімет те қолдап жатыр. Бірінші жұмыс қосалқаның басын қосуға, екінші кооператив құруға.

ЖСДП кандидаттары ардагерлермен кездесті

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының сайлауалды штабы өңірлерде халықпен кездесуін жалғастырды. Депутаттыққа кандидаттар Алматы облысында ардагерлермен және зейнеткерлермен жүздесті. Аға буын өкілдерін әлеуметтік қолдау мәселелері мен тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстар талқыланды. Сонымен қатар қатысушылар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бастамаларды қарастырды. Ардагерлер мен зейнеткерлерге сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары туралы да ақпарат берілді. Айта кеткен жөн, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан 33 адам Құрылтай депутаттығына үміткер.

Нұрым Нұрлыбеков, ЖСДП Алматы облыстық филиалының төрағасы:

- Кездесудің басты мақсаты - біздің сайлауалды бағдарламамызды, біздің ЖСДП сайлауалды бағдарламасының мәні мен мақсатын жеткізу және де осы үлкен кісілердің қандай ұсыныстары бар екенін есту мақсатымен бүгін біз осындай кездесу өткіздік. Қандай да бір мәселе болса, қандайда бір шешілмей жүрген түйткілдер болса біздің филиалдың есігі ашық. Біздің филиалға келіп, өзінің шағымын айтуға және де сол шағымды естуге біз дайынбыз.

«Байтақ» партиясының мүшелері елордада экологиялық науқан өткізді

Астанада "Байтақ" партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар экологиялық сенбілік өткізді. Акция елордалық контрреттегіш аумағында ұйымдастырылды. Табиғатты қорғау полициясы мен әкімдік өкілдері де шараға қатысты. Қатысушылар аумақты қоқыстан тазартып, айналаны ретке келтірді. Партия өкілдерінің айтуынша, экологиялық күн тәртібі тек заңдар мен саяси бастамалардан ғана тұрмайды. Қоршаған ортаның тазалығы әр адамның нақты ісінен басталады. Сондықтан табиғатты қорғау мемлекеттік органдардың ғана емес, барша қоғамның ортақ жауапкершілігі болуы тиіс.

Дидар Сәтбеков, «Байтақ» жасылдар партиясы астана қалалық филиалының төрағасы:

- Таза ол тазалайтын жерде емес, тазалық ол таза ұстайтын, ластамайтын жерде деп. Сондықтан сол мәдениетті қалыптастыру керек. Екіншіден, сол жұмысқа жастарымызды қатыстырып, үшіншіден, оны желілерде көрсетіп, басқа адамдарға көрінетіндей қылып, онан кейін осы жаққа келіп ластайтын адамдардың кішкене болса да ұяттары оянып, ұяла ма деген үмітіміз бар. Өйткені ол кісілер осы жерге демалуға келеді, ал басқа адамдар олардың артын жинайды.