Ұлыбританияда Құрылтай сайлауы қалай өтеді?
Алдағы жексенбіде Құрылтай сайлауы өтеді. Бүгінде шет елдерде де сайлауға дайындық аяқталуға жақын. Лондондағы сайлау комиссиясының мүшелері соңғы әзірлік жұмыстарын пысықтап жатыр.
23 тамыз күні Біріккен Корольдік құрамына кіретін Англия, Уэльс, Шотландия және Солтүстік Ирландияда тұратын Қазақстан азаматтары елшілік жанындағы №408 сайлау учаскесіне барып, дауыс бере алады.
Қазіргі таңда елшіліктің консулдығында Қазақстан Республикасының 1 538 азаматы есепте тұр. Бірақ ресми тіркеліп үлгермегендер де осында келіп, заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес дауыс бере алады. Ол үшін сайлаушылар жеке куәлігін немесе төлқұжатын көрсетуі керек.
Данияр Ысқақов, №408 сайлау учаскесінің төрағасы:
- Қазақстан азаматтарының өз сайлау құқығын жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдай жасалуда. Жалпы Ұлыбритания бойынша 300-ден астам азаматтың дауыс беруі жоспарланды. Бірақ сайлаушылардың нақты қанша адам келетінін тек сайлау күні ғана айтуға болады.
Дауыс беру процессінің ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында комиссия мүшелері тарапынан тиісті ұйымдастырушылық және қауіпсіздік шаралары қабылданады. Сайлаушылардың таңдау жасау құқығы қорғалып, құпия дауыс беру талаптары толық сақталады.
Ерлан Кабиев, «Болашақ» стипендиясының иегері:
- Алдымызда 23 тамыз күні болатын сайлауға Лондон қаласындағы Қазақстанның елшілігіне келіп, өз даусымызды береміз. Бұл дауыс беру, сайлауға қатысу мәселесі осы шетелде жүрген кезде өте ерекше сезіледі екен.
Біржан Сейіл, «Болашақ» стипендиясының иегері:
- Сайлауға бәріміз қатысамыз деген ойдамыз. Оған елшілік жақсы жағдай жасап жатыр. Сондықтан жерлестерімізді, отандастарымызды, барлығын дауыс беруге шақырамыз және біз де осында боламыз.
Сайлау процесін бақылауға заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес байқаушылар қатыса алады. Ғимараттың кіре берісінде дастархан жайылып, дауыс берушілерге сый-құрмет көрсетіледі деп жоспарланып отыр. Учаске Лондон уақыты бойынша 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы