БАӘ-дегі қазақстандықтар басты дебатты тамашалайды
Біріккен Араб Әмірліктерінде Құрылтай сайлауы күні
қазақстандықтар үшін екі сайлау учаскесі жұмыс істейді, бірі - Абу-Дабиде, екіншісі - Дубайда. Дубайдағы қазақстандықтардың сайлауға деген қызығушылығы қандай?
Рауан Мыңбай, тілші:
- Құрылтай сайлауына қатысып, азаматтық ұстаным білдіремін деуші отандастарымыз Араб Әмірліктерінде де жетерлік. Жат жер, өзге ортада жүргенімен олар өз елінде болып жатқан саяси һәм экономикалық үдерістерді қалт жібермейді. Тап осы жолғы сайлауалды үгіт-насихат мемлекет келешегіне қатысты таңдау жасар сәтке қалың қарашаның қызығушылығын тіпті арттырды. Соның бір мысалы ретінде әмірліктегі қазақтардың теледебаттарды үзбей тамашалап жатқанын айтуға болады. Шыны керек, мен де солардың қатарындамын. Осы тұста айта кеткен жөн, ең негізгі пікірсайыс бүгін біздің арнада өрбиді. Дүйім ел тағатсыздана күтіп отырған «Басты дебат» көпшілік көкейіндегі мәселелерді дөп басады деген сенім мол. Дәл қазір біздің әңгімеге Дубайда тұратын белсенді отандасымыздың бірі Бейбарыс Кенжетай қосылды. Ол теледебатқа арнайы дайындалып, партия жетекшілерінің сөз жарысын арнамызда тамашалауға әзір отыр. Сонымен Бейбарыс басты дебаттан не күтесіз?
Бейбарыс Кенжетай, Қазақстан азаматы:
- Мен Дубайда тұратын студентпін. Қазақстаннан алыста жүрсем де елімізде болып жатқан жаңалықтарға қызығушылықпен қарап жүремін. Бүгінгі басты дебат жөнінде айтар болсам, бір ғана партияға алдын ала байланып қалмас едім. Бірнеше партияның бағдарламасын қарап, әсіресе жастар, білім, жұмыс орындары және кәсіпкерлікке қатысты жоспарларын салыстырып көремін. Содан кейін өз көзқарасыма жақын және нақты жоспары бар партияға дауыс беремін. Мен үшін ең маңыздысы - партияның атауы емес, нақты жұмысы және Қазақстанның болашағына қандай үлес қоса алатыны. Айтпақшы, көкейде жүрген бір сауалды QR-код арқылы жолдап үлгердім. Сәлден соң соған жауап алғым келеді. Сол себепті теледебатты міндетті түрде қараймын.