Ақмола өңірінде 759 сайлау учаскесі ашылды. Live
Ақмола облысында 759 сайлау учаскесі өз жұмысын бастады. Өңірде 518 мыңнан астам адам бүгінгі Құрылтай сайлауында дауыс беру құқығына ие.
Иә, дәл біз облыс орталығында орналасқан № 23 сайлау учаскесінде тұрмыз. Мұнда таңмен таласа тұрған тұрғындар біртіндеп келіп, Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасап жатқанын байқауға болады. Әсіресе жастардың белсенділігі көңіл қуантады. Жалпы 23-сайлау учаскесіне 1440 адам тіркелген. Оның алтауы алғаш рет саяси науқанда өз таңдауын жасайды.
Айта кету керек, өңірдегі барлық сайлау учаскесінде алғаш рет дауыс беріп немесе бірінші келген жандарға арнайы сыйлықтар да қарастырылған. Бұдан бөлек, Құрылтай сайлауында күні бойы жұмыста болатын кәсіпорын еңбеккерлері де жұмыстан қол үзбей, еш қиындықсыз дауыс бере алады. Олар үшін 3 сайлау учаскесі құрылған. Оның екеуі аудандық жерде, біреуі облыс орталығында. Әскери бөлімдер мен қылмыстық атқару жүйесі мекемелері сынды арнайы орындарда да уақытша сайлау учаскелері жұмыс істеп жатыр. Науқан барысынан біз күні бойы ақпарат беріп отырамыз.