Шымкентте 365 сайлау учаскесі ашылды

Шымкентте дауыс беру учаскелері бекітілген талаптарға сай уақытылы ашылды. Таңғы 07:00-ден бастап 365 учаскеде Әнұран шырқалып, алғашқы сайлаушылар өз таңдауын жасады.

Айта кетейік, бұл маңызды саяси науқанда қаланың 710 мыңға жуық тұрғынына шақырту жолданған. Бұл жолы сайлаушылар қатары өткен науқанмен салыстырғанда 14 мың 632 адамға артқан. Халықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Алғашқылардың бірі болып еңбек ардагерлері мен зейнеткерлер, ерікті жастар белсенділік танытып, ел болашағы үшін маңызды сәтте бейжай қалғысы келмейтіндіктерін айтып жатыр.

Қонысбек Шиманұлы, қала тұрғыны:

- Сағат 06:30-да келгенмін. 07:00-де ашылады деген соң күтіп тұрдым. Еліміз көркейе берсін. Бақытты, дәулетке жетсін. Әр уақытта несібеміз мол, деніміз сау болсын. Менің қазір 9 немерем дауыс беруге шықты.