Қызылорда облысында 386 сайлау учаскесі бар
Қызылордада Құрылтай сайлауына орай автобустар жолаушыларды тегін тасымалдап жатыр. Сонымен қатар тұрғындарға 67 инватакси ақысыз қызмет көрсетуде.
Жалпы өңір бойынша 500 мыңнан аса дауыс беру мүмкіндігіне ие. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев №222 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.
Қызылордадағы сайлау учаскелерінің маңында киіз үй тігіліп, ұлттық тағамдар әзірленуде. Әннен шашу шашып, ұлттық қол-өнер бұйымдарының да көрмесі өтіп жатыр. Соның бірі - Құзыреттілік орталығында» орналасқан №222 сайлау учаскесі. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев осы учаскеде дауыс берді. Мұнда 2410 сайлаушы тіркелген.
Наурызбай Байқадамов, Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы:
- Әрбір азамат келіп, өзінің азаматтық парызын белсенділікпен көрсеткені Қазақстан үшін керек. Бұл жерде бір бақталастыққа баратын жағдай емес. Қазір саяси бәсекелестіктің бәрі айналып келгенде елдің бірлігі және ынтымақтаса отырып дамуына негізделу керек.
Құрылтай сайлауына орай қалада қоғамдық көліктер тегін қызмет көрсетіп жатыр. Сонымен қатар 67 инватакси жұмылдырылған. Мүгедектігі бар дауыс берушілер үшін сайлау уческесінде арнайы бұрыштар, трафареттер мен аудиороликтер дайындалған.
Мұрат Ізбенбетов, қала тұрғыны:
- Еліміздің болашағы үшін осы әрбір жан дауыс беруге міндетті деп ойлаймын. Еліміз дами берсін, көркейе берсін, гүлдене берсін. Дамыған елдердің қатарына қосыла берсін деп кім болса да армандайды ғой.
Жалпы өңірде 386 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істеп тұр. Дауыс беру құқына 500 мыңнан аса адам ие. Оның ішінде 5 арнайы учаскеде тізімде жоқ сайлаушыларды уақытша тіркеуге болады. Ол үшін халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары тартылған.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин