Кедергісіз сайлау: мүмкіндігі шектеулі жандар таңдауларын жасады

Құрылтай сайлауында мүмкіндігі шектеулі жандар да белсенді. Олар саяси науқанға ерекше ықыласпен қатысып отыр. 

Солардың бірі қайсар әже Ақбаян Дәуленбаева. Ол Қытайда жүрсе де өз ұстанымын білдіріп, жастарды жігерлендіріп жүр.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қытайда дауыс беру қыза түсті. Әсіресе Бейжіңдегі №421 сайлау учаскесінде жұмыс қарқынды. Мұнда тіркелген адамдардан бөлек, консулдық есепке алынбаған 40-тан аса Қазақстан азаматы келді. Комиссия мүшелері олардың бәріне заң аясында дауыс беруге мүмкіндік берді.

Олардың арасында жұмыс бабымен келген бортсеріктер, кәсіпкерлер,  саяхатшылар мен зейнеткерлер де бар. Ақбаян Дәуленбаева солардың бірі. 80 жастағы қария өмір бойы білім саласында еңбек еткен. Еліміздің жоғары оқу орындарында қаржы пәндері бойынша дәріс оқып, талай жасты тәрбиелеген жан. Ол денсаулығының нашарлығына қарамастан саяси науқанға қатысты. Немересімен келіп дауыс берді.

Ақбаян Дәуленбаева, зейнеткер:

- Дауыс беріп шықтым. Әрбір елдің азаматы өздерінің жауапкершілігін көрсетіп, сайлауға келіп жатыр. Мен де өз борышымды орындадым деп ойлаймын. Жас ұрпақ өркендеп келе жатқан елімізде аман-есен өмір сүріп үлкен табысқа жете берулеріне тілектеспін.

Қарт ұстаздың бүгінгі қадамы көпге өнеге. Оны жастар көріп, көкейге түгені сөзсіз. Жалпы Қытайда жүрген қазақстандықтар бұл елдің төрт қаласында дауыс бере алады. Барлығында мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп-шығуына жағдай жасалған. Пандустар мен арнайы бөлме де қарастырылған.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қазір Қытайда Құрылтай сайлауына дауыс берудің аяқталуына санаулы сағаттар қалды. Алайда келіп жатқандар әлі де бар. Учаскелер жергілікті уақытпен кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. 

Авторы: Руслан Бақытбекұлы