Алматыда Қазақстан-Корея бизнес-форумы өтті
Корея кәсіпкерлеріне еліміздің экспорттық әлеуеті таныстырылды. Алматыда Қазақстан - Корея бизнес форумы өтті.
Басқосу кореялық компанияларды отандық өнім өндірушілермен таныстырып, келіссөз жүргізуге жағдай жасайды. Нарыққа шығуына көмектеседі. Биыл екі ел арасындағы тауар айналымы 1 млрд АҚШ долларынан асты. Біздің елден сусындар, нан-тоқаш, кондитерлік, шоколад, макарон мен сүт өнімдері тасымалданды. Жиынға Корея импорттаушылар қауымдастығы тарапынан 100-ге жуық компанияның өкілдері қатысты. Таңғы шық елінің іскер азаматтары ет, бал мен ұн өнімдеріне қызығушылық танытып отыр. Бизнес форумды Сауда және интеграция министрлігіне қарасты «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы мен Корея импорттаушылар қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.
Айдар Әбілдабеков, ҚР Сауда және интеграция министрінің орынбасары:
- Біздің экспортымыз көбейіп отыр. 1 млрд 300 млн-ның 512 млн доллары біздің экспорт. Алайда оның ішінде көбісі мұнай өнімдері және ферросплавтар. Басқа тауарларымыз мыс бар, титан бар, ауыл шаруашылық өнімдері бар. Ет өнімі бар, бидай бар. Сол өнімдерді Корея кәсіпкерлеріне таныстырып соны ұсынып отырмыз. Шикізат емес дайын өнімді өндірілген өнімді қосымша құны көбірек болсын деп осы шараны ұйымдастырып отырмыз.
Квон Ки-Чан, Korea Importers Association Президентінің орынбасары:
- Біздің еліміз үшін бұл шараның маңызы өте зор. Қазақстанды нарықтағы мықты серіктес ретінде санаймыз. Мұндай формат кореялық импорттаушыларға Қазақстанда шығарлыған өнімдердің сапасы мен ассортиментімен тікелей танысуға, тұтынушы ретінде бағалауға мүмкіндік береді.