Тоқаев Бавария премьер-министрімен кездесті: сауда көлемі 4,7 млрд еуроға жетті
Берлиннен кейін Мемлекет басшысының Германиядағы сапары Мюнхенде жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Бавария Премьер-министрімен кездесіп, энергетика, экология, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындады. Сонымен қатар Президент Баварияның бизнес өкілдерімен жүздесті. Кездесу барысында Қазақстандағы бірлескен жобалар сөз болды, деп хабарлайды 24KZ.
Германиялық компания Қазақстанда құны 500 млн доллар болатын жобаларды іске асырады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Linde GmbH компаниясының аға вице-президенті Оливер Пфаннды қабылдауында айтылды. Кездесу барысында Президент Linde мен Qarmet арасындағы Теміртау қаласында жаңа ауа бөлу қондырғысының құрылысы бойынша келісімге қол қойылуын құптады. Сондай-ақ жиында мұнай химия өнеркәсібіндегі бірлескен жобалар қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Siemens AG компаниясының вице-президентімен де кездесті. Жиында тараптар медициналық технология саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің әлеуетіне тоқталды. Бернд Ульбрихт өзара мүдделі бағыттарда ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық танытатынын растап, компанияның электр желілерін жаңғырту, цифрландыру, автоматтандыру, сумен жабдықтау салаларында технологиялық шешімдерді ұсына алатынын, сондай-ақ деректерді өңдеу орталығы инфрақұрылымына қатысуға әзір екенін жеткізді.
Қазақстан мен Бавария арасындағы алыс беріс артып келеді. Былтыр тараптар арасындағы сауда көлемі 4,7 млрд еуроға жетті. Бүгінде 400-ден аса бавариялық компания елімізбен іскерліс байланыста. Олардың алпысқа жуығының Қазақстанда өкілдіктері бар. Бұл туралы Мемлекет басшысының Бавария премьер-министрімен кездесуінде айтылды. Президент: «Уағдаластықтарымызды нақты нәтижеге айналдыруға ниеттімін әрі аталған мәселеде Баварияны басты серіктес ретінде қарастырамын», — деді. Қазақ басшысының Маркус Зёдермен кездесетінін естіген Германиядағы Отандастарымыз да принц Карл сарайында бой көрсетті.
Айнұр Әліш, Мюнхен қаласының тұрғыны:
— Президенттің сапары аясында білім беру саласы да бірнеше жаңа келісімге қол жеткізді. Енді елде Фраунгофер институты ашылады. Бұл – Орталық Азиядағы алғашқы жоба.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
— Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бірқатар белгілі бизнес өкілдерін қабылдайды. Сондай-ақ технологиялық форумда бой көрсетеді.
Автор: Әлішер Әли