Оман Сұлтаны Астанаға келді: Тоқаевпен келіссөздер өтіп, бірқатар құжатқа қол қойылды
Қазақстанға алғаш рет Оман президенті мемлекеттік сапармен келді. Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесі Хайсам бен Тариқ Әл Саидпен кең құрамда келіссөз жүргізді. Тараптар сауда-саттықты арттыру мен көлік дәліздерін тиімді пайдалану мүмкіндіктерін қарастырды. Жасанды интеллект пен цифрлық қызметтер саласында тәжірибе алмасу жайы да сөз болды. Тараптар бүгін бірлескен мәлімдеме қабылдап, бірқатар құжатқа қол қойды. Тарихи сапар екі ел ынтымақтастығына қандай жаңа мүмкіндік ашады, деп хабарлайды 24KZ.
Әлішер Әли, тілші:
– Жер аяғы алыс дегенмен, Оманмен алыс-беріс үзілген емес. Екі мемлекет сауда-саттықтан бөлек, білім, ғылым, мәдени салада байланыс орнатқан. Ал былтыр Қазақстан мен Оман арасындағы тауар айналымы 880 мың АҚШ долларынан асты. Оман Сұлтанының бұл сапардағы мақсаты – осы экономикалық байланысты одан әрі нығайту.
Алыстан ат терлетіп келген мейманды Астана сән-салтанатымен қарсы алды. Әдеттегідей, басшылар бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырып, қос елдің әнұраны шырқалды. Ресми рәсімнен кейін басшылар көп кідірмей келіссөзге беттеді.
Келелі келіссөзде Президент мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, ортақ жобалардың іске асырылуын оң бағалады. Қол жеткізген уағдаластықтар екі ел арасындағы ынтымақтастыққа айтарлықтай пайда әкеліп, стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Оманды Қазақстанның араб әлеміндегі уақыт тезінен өткен әрі сенімді серіктесі санаймыз. Келесі жылы айтулы дата – Қазақстан мен Оман арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 35 жыл толуын зор мақтанышпен атап өтеміз. Осы уақыт ішінде тату достыққа, өзара құрмет пен қолдауға негізделген серіктестіктің жаңа кезеңі үшін берік іргетас қаланды. Жақында Оман Премьер-министрінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Зиязин бен Хайсам Әл Саид бастаған жоғары деңгейдегі делегацияның Астанаға жасаған жемісті сапары мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың жандана түскенін айқын көрсетеді.
Ортақ жобалардың қатарында «Доңға» мұнай кен орнын игеру, Solidcore Resources компаниясының Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы кәсіпорындары,
Oman Investment Authority бірлескен инвестициялық қоры, сондай-ақ қонақ үй және шипажай инфрақұрылымын дамыту жобалары бар. Бұдан бөлек, тараптар ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға бейіл.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Келіссөздер қорытындысы бойынша экономикалық ынтымақтастықтың түрлі бағыттарын, соның ішінде энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, цифрландыру, денсаулық сақтау және басқа да салаларды қамтитын екіжақты келісімдерге қол қоямыз. Бұдан бөлек, серіктестігіміздің басым бағыттарын белгілейтін Бірлескен мәлімдеме қабылдаймыз.
Еліміз Азия мен Еуропаны жалғайтын жаһандық сауда дәліздерінің бойында стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан. Ал Оман Шығанақ, Үнді мұхиты, Азия және Африка елдерінің басты нарықтарына төте шығатын теңіз жолдарын қамтамасыз етеді.
Жиында қаузалған мәселелердің бірі – көлік-логистика. Тараптар саладағы ынтымақтастыққа серпін берсе, шаш-етектен пайдаға кенелері анық. Оман сұлтаны да осыны меңзеді.
Хайсам бен Тариқ Әл Саид, Оман Сұлтаны:
- Оман Қазақстанмен ықпалдастыққа айрықша мән береді. Соңғы жылдары екі елдің әріптестігі тың серпін алды. Біз мұны құптаймыз. Жоғары деңгейдегі еларалық сапарлар, Бірлескен үкіметаралық комиссия жұмысы ынтымақтастығымызды әлдеқайда нығайта түсуге мүмкіндік береді. Біз дербес инвестициялық институттарымыздың, жеке сектор мен арнайы мемлекеттік құрылымдардың мүмкіндіктерін ұштастыратын жобалардың жүзеге асырылуын құптаймыз. Елеулі маңызға ие саланың бірі – көлік байланысы.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хайсам бен Тариқ Әл Саид екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың алдағы бағыт-бағдарын айқындайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Мемлекеттер басшыларының қатысуымен үкіметаралық және ведомствоаралық құжат алмасу рәсімі өтті. Мәселен, қос елдің Үкіметі инвестицияларды көтермелеу, өзара қорғау және әуе қатынасы туралы келісімге келді. «Самұрық-Қазына» мен Oman Investment Authority бірлескен инвестициялық құрылым құру туралы уағдаласты.
Артынша Қасым-Жомарт Тоқаев Оман сұлтанын Алтын Қыран орденімен марапаттады. Мемлекеттік сапардың тарихи оқиға екенін айтып, Оманның дінаралық диалогты өрбіту және гуманитарлық бастамаларды іске асыру ісіндегі рөліне тоқталды. Хайсам бен Тариқ Әл Саид болса, Қасым-Жомарт Тоқаевты Оман Сұлтандығының ең жоғары мемлекеттік наградасы – Әл Саид орденімен марапаттады.
Авторлары: Әлішер Әли, Марат Диханбаев, Бақытбек Нұртаев