Қазақстан мен Оман әуе қатынасы туралы келісімге қол қойды
2026 жылғы 6 қазанда Астана қаласында Оман Сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саидтің Қазақстан Республикасына жасаған мемлекеттік сапары аясында маңызды құжатқа қол қойылды. Мемлекет басшыларының қатысуымен Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығының Үкіметі арасындағы әуе қатынасы туралы келісіммен алмасу рәсімі өтті, деп хабарлайды «24KZ».
Қазақстан тарапынан бұл құжатқа Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев қол қойса, Оман тарапынан Оман Сұлтандығының Сыртқы істер министрі Бадр бин Хамад Әл-Бусаиди қатысты.
Аталған Келісім азаматтық авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық негізін нығайтып, Қазақстан мен Оман арасындағы тікелей әуе қатынасын одан әрі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам екі ел арасындағы сауда-экономикалық және іскерлік байланыстарды тереңдетуге, инвестициялық әлеуетті арттыруға, сондай-ақ туристік және мәдени алмасуды белсенді түрде дамытуға зор үлес қосады.