Қазақстан адам құқықтарын қорғауды күшейтті
Қазақстанда Адам құқықтары жөніндегі уәкілге ай сайын 400-ден астам өтініш түседі.
Әрқайсысы бойынша тексеру жүргізіледі. Бұл туралы Варшавада өтіп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының адами өлшем жөніндегі конференциясында қазақстандық сарапшылар айтты. Форумның үшінші күні негізгі бостандықтарға арналды.
Үшінші күнгі пленарлық отырыста бейбіт жиналыстар мен бірлестіктер бостандығы, ұлттық құқық қорғау институттары мен діни сенім бостандығы талқыланды. Қазақстанда бейбіт жиын өткізу саласындағы басты өзгеріс – рұқсат алу тәртібінен хабарлама беру тәртібіне көшу. Конституциялық сот ұйымдастырушылардың құқықтарына қосымша кепілдік берді. Егер таңдалған орын бос болмаса, жергілікті әкімдік басқа орын немесе уақыт ұсынуға міндетті.
Дәулет Сағатбек, "Ұлттық өркендеуге жәрдемдесу қоры" ҚҚ сарапшысы:
- Біздің Конституция бейбіт жиналыстар өткізу құқығына кепілдік береді. 2020 жылдан бастап пикет, митинг және жиналыс өткізу тәртібі рұқсат алу жүйесінен хабарлама беру жүйесіне ауыстырылды. Демек, жергілікті әкімдікке 5 жұмыс күні бұрын хабарлау жеткілікті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың бастамасымен партияларды тіркеуге қойылатын талаптар жеңілдетілді. Мәселен, партия мүшелерінің ең төменгі саны 20 мыңнан 5 мыңға дейін қысқарды.
Айдана Айтбекқызы, тілші:
- Қазақстанда ұлттық құқық қорғау институтының міндетін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл атқарады. 2022 жылдан бері оның мәртебесі тікелей Конституцияда бекітілген. Арнайы заң Омбудсмен тәуелсіздігін күшейтіп, оған Конституциялық сотқа жүгіну құқығын берді. Уәкіл жанындағы Ұлттық алдын алу тетігі – осы жұмыстың маңызды бөлігі.
Рахымбек Мамырбаев, Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы сарапшылық кеңес пен ғылыми комиссияның мүшесі:
- Бұл институт тек Астанада не Алматыда қызмет атқармайды, бүкіл облыстарда уәкілеттігі құрылған. Сондықтан, мысалы, колонияларда сотталғандардың құқығы қалай қорғалады, жалпы азаматтардың құқығы қалай қорғалады, соның бәрі тексеріліп, тиісті ұсыныстарды уәкілетті органдарға Уәкіл енгізіп отырады. Осы қолданылған шаралардың арқасында заңдылықтың орнатылуы өте жақсы қадамда атқарылып жатыр.
Сессияда діни сенім бостандығы да қозғалды. Қазақстандық қатысушылардың айтуынша, зайырлы мемлекет әр адамның дінді ұстану немесе ұстанбау, сондай-ақ сенімін өзгерту құқығына кепілдік береді.
Дмитрий Полтаренко, "Қазақстан азаматтары" қоғамдық бірлестігінің президенті:
- Зайырлылық атеизмді насихаттау емес екенін түсіну керек. Бұл заң талаптарын сақтай отырып, Қазақстандағы әр адамның және әрбір діни ұйымның еркін дамуына мүмкіндік беру. Менің ойымша, Қазақстандағы діни қызмет саласындағы заң - ең толерантты әрі прогрессивті заңдардың бірі. Бұған діни бірлестіктер клубтарының жұмысы дәлел. Онда түрлі дін өкілдері кездесіп, пікір алмасады.
Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, кейінгі жылдардағы реформалар елдегі құқықтар мен бостандықтарды қорғауда заңмен қатар мемлекет пен қоғам арасындағы тұрақты диалогтың да маңызды екенін көрсетеді. Қазақстан бұл тәжірибені халықаралық алаңдарда талқылауға дайын.
Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан