Анкарада ТМҰ саммиті өтеді
Осы апта Анкарада түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммиті өтеді.
Саммитте қандай мәселе қаралады? Түркі интеграциясындағы Астананың ролі қандай?
Астана бұған дейін үш мәрте ресми саммит өткізіп, биыл көктемде Түркістанда цифрлық даму мәселесіне арналған бейресми кездесу ұйымдастырғаны білеміз. Қазақстан түркі әлемін нығайтуға қатысты тағы қандай бастамалар көтеріп жүр?
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы 1992 жылы Анкарада өткен алғашқы саммиттен бастау алады. Ал 2009 жылы Нахчыванда Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия басшылары түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы келісімге қол қойды. Бұл құжат қазіргі Түркі мемлекеттері ұйымының қалыптасуына негіз болды. Қазақстан содан бері ұйымның саяси және экономикалық ықпалдастығын тереңдетуге атсалысып келеді. Еліміз құрылым жұмысын бастағалы 3 мәрте түркі елдері көшбасшыларын қабылдап, ресми саммит өткізді.
Оның алғашқысы 2011 жылы Алматыда сауда-экономикалық ынтымақтастық тақырыбында ұйымдастырылды. Ал 2015 жылы Астанада өткен бесінші саммитте БАҚ саласындағы әріптестікке басымдық берілді. Оныншы басқосу 2023 жылы Астанада өтті. Бұл жиында мемлекет басшылары түркі әлеміндегі ынтымақтастықты тереңдету және ортақ бастамаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
ҚАЗАҚСТАНДА ӨТКЕН ТМҰ РЕСМИ САММИТТЕРІ
2011 жылы Алматы «Түркітілдес мемлекеттердің экономикалық және сауда ынтымақтастығы»
2015 жылы Астана «Ақпарат саласындағы ынтымақтастық»
2023 жылы Астана «Түркі дәуірі»
Фырат Пурташ, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы, профессор:
- Қазақстан түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың қалыптасуына, түркі әлемінің тұтастығын нығайтуға айрықша мән беріп келеді. 1993 жылы Алматыда ТҮРКСОЙ ұйымы құрылып, түркі интеграциясының алғашқы іргесі қаланды. Кейін Қазақстан тоқыраған саммиттерге қайта серпін беріп, 2006 жылғы Анталия кездесуінің жандануына бастамашы болды. Ал 2009 жылғы Нахчыван декларациясы бүгінгі Түркі мемлекеттері ұйымының құрылуына жол ашты. Осылайша, Қазақстан түркі бірлігінің ұйытқысына айналды.
Қазақстанның түркі әлемі интеграциясына қосқан тағы бір маңызды үлесі – Түркі академиясын құру бастамасы. Бүгінде Астанада халықаралық мәртебеге ие академия жұмыс істейді. Ол түркі тарихы мен мәдениеті, әлеуметтік ғылымдар, экономика, халықаралық қатынастар және әлеуметтану салаларындағы жобаларды қолдайды. Бұдан бөлек Астананың бастамасымен экономикалық ынтымақтастықты күшейтуді көздейтін түркі инвестициялық қоры құрылды. Ортақ әліпби, цифрлық даму, білім мен ғылым саласындағы ықпалдастық – Қазақстан ұсынған стратегиялық бағыттардың бірі.
Фырат Пурташ, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы, профессор:
- 2023 жылы Астанада өткен саммиттің тақырыбы «TURKTIME» деп белгіленді. Бұл - мағынасы терең, ауқымды тұжырымдама. Ондағы әрбір әріптің өзіндік мәні бар. Дәстүр, бірлік, реформа мен білім саласында жаңғыруға бағытталды. Демек, Қазақстан түркі дүниесінің бірлігін ортақ мәдениет пен білімге негіздей отырып нығайтуды көздейді.
Осы көктемде Түркістанда өткен бейресми басқосуда жасанды интеллект, цифрлық даму және аймақтық экономикалық байланыстарды күшейту мәселелері талқыланды. Жиын қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданып, еліміз ұсынған Цифрлық инновациялар орталығы, Киберқауіпсіздік кеңесін құру бастамасы қолдау тапты. Бұл ұсыныстар Қазақстанның түркі интеграциясын жаңа технологиямен ұштастыруға деген ұмтылысын айғақтайды.
Ал бірер күннен соң Анкарада өтетін 13-саммитте ұйымның алдағы стратегиялық бағыттары талқыланбақ.
Хикмет Эрен, Еуразия экономикалық қатынастар қорының төрағасы:
- Анкарада өтетін саммитте экономикалық, саяси және әлеуметтік мәселелер талқыланып, білім беру, энергетика, туризм және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты нығайту жолдары қарастырылады. Түркі инвестициялық қоры мен Түркі сауда-өнеркәсіп палатасы арқылы экономикалық байланыстарды кеңейтуге де басымдық беріледі. Түркі мемлекеттері ұйымы алдағы уақытта әлемдік аренадағы маңызды ойыншылардың біріне айналады деп сенемін.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Қазақстан түркі интеграциясын тереңдетуге бағытталған бастамаларын жүйелі түрде ұсынып келеді. Саяси диалогтан бастап, экономикалық байланыс пен цифрлық технологияға дейінгі әріптестік аясын кеңейту – ортақ мақсат. Ал Анкарада 29-30 қазан күндері өтетін саммит осы бастамаларды ілгерілетіп, түркі мемлекеттерінің алдағы ынтымақтастығына жаңа бағыт бермек.
Авторы Әсия Нұрлыбаева