Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған келіссөз жүргізді

фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға ресми сапармен барды. Мемлекет басшысын Анкара қаласындағы Этимесгут әуежайынан Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған күтіп алды, деп хабарлайды 24KZ.

Қазақстан Президентінің келуіне орай Құрмет қарауылы сап түзеді. Артынша мемлекет басшылары әуежайда аз кем әңгімелесті.

Әлішер Әли, тілші:

– Арқа даласынан Анкара қаласына Қасым Жомарт Тоқаев ресми сапармен келді. Мемлекет басшысын бауырлас елдің бас қаласындағы әуежайда Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған өзі күтіп алды. Трап алдында құрмет қарауылы сап түзеп, әскери оркестр әуежайды әуенге бөледі. Ал, шаһар көшелері жоғары мәртебелі Қасым Жомарт Тоқаев мырза, Түркияға қош келдіңіз деген жазумен безендірілген.  Мемлекеттер басшылары  әуежайда аз кем әңгімелесіп, Куллие сарайына беттейді.

Аумағы АҚШ-тағы Ақ үйден 30 есе үлкен Анкарадағы Президент резиденциясы. Дәл қазір мұнда Түркия басшысы Анадолыға ресми сапармен келген Қасым-Жомарт Тоқаевты сән-салтанатымен қарсы алуда. Әскери оркестр, құрмет қарауалы, одан қалса қынабында қылышы бар түрік сарбаздары сап түзеп тұр. Ал Мемлекет басшысының кортежін атты әскер бастап келді.

Көп ұзамай келіссөз де басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Реджеп Тайып Ердоған әуелі жеке кездесіп, серіктестік жайын сүзгіден өткізді. Мемлекет басшысы екі жақта қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын айтып, түрік халқын Ұлттық мереке Республика күнімен құттықтады. Ал Реджеп Тайып Ердоған сөз басында ілтипат білдіріп, екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуге ниетті екенін растады. Кездесуде негізгі назар сауда-экономика мен инвестицияға ауды. Одан бөлек, гуманитарлық ықпалдастықты нығайту жайы да қаузалды. Сондай-ақ президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Авторлары: Әлішер Әли, Марат Диханбаев, Бахытбек Нұртаев

Сондай-ақ оқыңыз: