Мәслихат сайлауы мәресіне жетті

Мәслихат депутаттарының сайлауы мәресіне жетті. Жеті партиядан іріктелгендердің, өзін-өзі ұсынып, оқ бойы озық шыққандардың есімі сайлау қорытындысы бойынша анықталады, деп хабарлайды 24KZ.

Депутаттардың деңгейін, шама-шарқын алдағы бес жылдың бедерінде білерміз. Ең маңыздысы – мандат иелерін мұқым елдің өзі сайлады.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

– Қазанда қазақ басшысы елдегі барлық деңгейлі мәслихаттарды тарату туралы жарлыққа қол қойды. Бұл саяси сахнадағы еңселі һәм елеулі өзгеріс еді. Бұлай дейтінім, жергілікті институттардың өз алдына сайлауы өтіп, жаңғыруы кейінгі 23 жылда болмаған құбылыс.

Елде әр түрлі деңгейдегі 228 мәслихат бар. Оның 20-ы облыстық, 38-і қалалық институттар. Қалған 170-і аудандарда. Оған бүгінгі науқанда үздік шыққан 3 мыңнан астам депутат сайланады. Ал кандидаттардың саны мандаттан 3 есе көп. Яғни бәсеке бар, тұрғындарға таңдау берілді.

Арман Ешмұратов, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:

– Мәслихаттар – бұл жеке маңызды институт, ол – өзін-өзі басқару жүйесінің институты. Осы орайда мәслихат депутаттары әр өңірдің бюджетін қарастырып, әкімдердің есептерін тыңдап, даму стратегиясын бекітеді. Ең бастысы, бұлар – жергілікті халықтың өкілдері.

Елде 12 млн-нан астам адам дауыс беруге құқылы. Оның бүгін басым бөлігі өз таңдауын жасады. Оларға 10 338 сайлау учаскесі қызмет көрсетті. Ә дегеннен таңмен таласып таңдау жасауға келген қарашаның қарқыны қатты болды. Түске тақау да учаскелерде адам аяғы арылмады. Кейін де, кешке де халықтың қарасы қалың болды. Ал науқанның кедергісіз әрі заң аясында өтуін 258 бірлестіктің байқаушылары бақылады.

Амангүл Амангелдіқызы, Астана қалалық №298 сайлау учаскесінің төрағасы:

– Осы жылдың сайлау ерекшелігі – бұрын бізде тек байқаушылар болса, қазір бір мандатты округтен түсіп жатқан кандидаттардың сенімді өкілдері бар. Сайлау учаскесінде заң талаптарына сай өтіп жатыр ма, жоқ па, соны бақылауға сенімді өкілдері келіп тіркеледі. Бұл саяси науқанда сайлаушыларға екі бюллетень беріледі. Біреуінде партия тізімі жазылған. Екінші бюллетеньде аймақтық округтен түсіп жатқан кандидаттардың тізімі бар.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

– Мәслихаттың мінберінде мұқым елдің мұңы, өңірдің қордалаған мәселесі қаузалады. Елдің ертеңіне, қарашаның келешегіне қажет құжаттар қабылданады. Сондықтан сапқа сайдың тасындай іріктелген кіл мықтылар келуі керек. Есік қаққан елдің жайын есінеп емес, еміреніп отырып таңдайтын тұлғалар төрге шыққаны жөн. Мәслихаттардың маңызы да, мессиясы да осы. Мандат – мансап емес, міндет. Ал міндеттің межесінен шығу – мәртебе.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Ержан Рахманбердиев

Сондай-ақ оқыңыз: