427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қоғамдық бақылау туралы заң жобасы талқыланды

  • 679
  • UPD: 21:43, 22.01.2021

Бүгін Алматыда ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның қатысуымен «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Министрлік пен қазақстандық және халықаралық сарапшылардың бірлесе әзірлеген заң жобасын жан-жақты талқылауға саясаткерлер, қоғам қайраткерлері және қала белсенділері қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету мақсатында «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеу және қабылдауды тапсырған болатын. Тапсырманы жүзеге асыру үшін жұмыс тобы құрылып, қоғамдық талқыға түсті. Министр заң жобасын іске асырудың негізгі бағыттары мен механизмдеріне тоқталды.

Аида Балаева, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі:

– Бұл заң жобасында азаматтардың құқығы, ашықтық, сенімділік, обьективтілік айқын көрініс береді. Сонымен қатар қоғамдық бақылаудың қолжетімділігі мен ақпараттың ашықтығына ерекше мән беріледі. Бұл заң жобасы ведомствоның сайтында ашық жарияланды. Сондықтан әрбір азамат өз ұсыныстарымен пікірін білдере алады.

Заң жобасын әзірлеу барысында Азия мен Еуропа және Американың 30-ға жуық елдерінің тәжірибесі зерттелген. Сондықтан бұл заң қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімдікті нығайтып, елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңару процестерін жеңілдетеді дейді мамандар. 

Эдуард Полетаев, саясаттанушы:

– Бұл заң тұжырымдамасының өзі үкіметтік емес ұйымдардың маңыздылығын және Қазақстандағы азаматтық қоғамның өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Азаматтық қоғам мемлекеттік органдардың жұмысын үнемі бақылауда ұстауға тиіс. «Сондықтан бұл заңда ешқандай шектеу болмауы керек», - деді саясаткер Дос Көшім.

Дос Көшім, саясаткер:

– Бақылайтын обьектілерден біздер бақылаушылар рұқсат сұрау керек деген бап маған өте ұнаған жоқ. Себебі олардың рұқсат бермейтіні айдан анық. Сондықтан біздер өзіміз бақылайтындай мүмкіншілік болу керек.

Дөңгелек үстелге қатысушылар ауылды жерде қоғамдық ұйымдардың санын көбейтуді ұсынды. Министр Аида Балаева бұл заң жобасы еліміздің басқада өңірлерінде жан-жақты талқыланатынын айтты және бүгінгі басқосудағы барлық ұсыныстар мен талап-тілектер ескеріледі деді.

Авторлар: Жандос Айтбайұлы, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы