Қазақстан Сирия жөнінен XV халықаралық кездесуге қатысып жатыр

Ресейдің Сочи қаласында Сирия жөніндегі XV халықаралық кездесу басталды. Ол Астана форматында өтіп жатыр. Келіссөздердің алдыңғы раунды 2019 жылы елордада өтті. Былтыр наурызда тағы өтуі тиіс еді. Бірақ індетке байланысты бірнеше рет кейінге шегерілді.

Сочиде Сирия жөніндегі келіссөздер басталды. Оған Астана процесіне қатысушылардың бәрі жиналды. Сирия үкіметі мен оппозияциясы, Ресей, Иран, Түркия мен Қазақстан өкілдері, сондай-ақ Иордания, Иран, Ливан және БҰҰ байқаушылары бар. Тараптар талқылайтын басты мәселенің бірі сириялық босқындар жайы болмақ. Өйткені қақтығыстар басталғалы 7 миллионға жуық сириялық өзге елдерге бас сауғалап кеткен. 

Талғат Қалиев, ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі:

- Мәселе Ливан мен Иорданияда жүрген босқындарға қатысты. Себебі шекара асқан сириялықтардың көбі дәл осы елдерде жүр. Сондықтан бұл мемлекеттер де Сириядағы шиеленістің тез арада шешіліп, босқындар мәселесі реттелгенін қалайды. Жиынға қатысып жатқан әр тараптың қояр сұрағы бар. Қазақстан осы процестің бастамашысы болғандықтан қатысып отыр.

Бұл келіссөздер 2016 жылғы қақтығысты тоқтату туралы келісімді одан әрі нығайта түсуге бағытталған. Сонымен қатар оны Сирия үкіметі мен оппозициясының тікелей диалог құру алаңына айналдыру көзделген. Жиынға жиналғандар Қазақстанның медиатор ретіндегі ролін де атап өтті.

Александр Лаврентьев, РФ Президентінің Сирия бойынша арнайы өкілі:

- Астана форматы – Сирия дағдарысын шешудегі жалғыз механизм. Іс-шараға қатысушылар ең алдымен Сирия дағдарысын саяси жолмен реттеу мәселесіне, Женевадағы конституциялық комитет жұмысына баса назар аударамыз деп келістік.

Бір жылға созылған үзіліске байланысты күн тәртібінде тұрған түйткілдер өте көп. Соның бірі Идлиб аймағындағы шиеленіс. Себебі күні бүгінге дейін мұнда лаңкестік топтардың қарулы шабуылы тоқтамай тұр. Ресей сыртқы істер министрлігінің есебінше, Идлибте 34 мыңдай содыр шоғырланған.

Александр Лаврентьев, РФ Президентінің Сирия бойынша арнайы өкілі:

- Соңғы үш айда Ирак пен Левант лаңкестік ұйымының бұған дейін белсенділік танытпаған ұяшықтарының әрекет ете бастағаны туралы ақпарат көбейді. Бұл алаңдатаралық жағдай. Сондықтан біз зорлық-зомбылықтың жаңадан өршуіне жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Яғни бұл топтардың көзін жоюға тиіспіз.

Дана Нұржан, тілші:

- Сонымен қатар жиынға қатысушылар елдің қарулы қақтығыстардан кейінгі қайта қалыпқа келу перспективаларын талқылайды. Сирия жеріндегі әскери іс-қимыл 10 жылға жуық уақыт жалғасып келе жатыр.