Қ. Тоқаев: Инвестиция экономикалық өсімнің негізгі стимулы

Елімізде 700-ден астам мемлекеттік кәсіпорынды жекешелендіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Жекешелендірілетін өндіріс орындары, мұнай-газ, энергетика, инфрақұрылым және өзге де салаларға бағытталған. Бұл туралы Президенттің шет мемлекеттердің ірі инвестициялық компаниялары өкілдерімен кездесуінде сөз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев ірі компаниялардың акциялары, ұлттық қор биржаларында тіркелгенін құп көретінін жеткізді. Осы орайда Ұлттық банк негізгі қаржылық реттеуші ретінде қор нарықтарын одан әрі дамыту жолында белсенді жұмыс істеп жатқанына көңіл бөлді. Елімізде  бұл саланың құқықтық және инфрақұрылымдық бағыты жетілдірілген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Шетелдік инвестиция біздің экономикалық өсіміміздің негізгі стимулына айналып отыр. Сондықтан біз инвестициялық ахуалды жақсартуға ерекше көңіл бөлеміз. Бұл саладағы жүйелі әрі жан-жақты жұмыстар бізді Орталық Азиядағы ең ірі  посткеңестік кеңістікте жылдам дамып келе жатқан экономикалардың біріне айналдырды. Тәуелсіздік жылдары шетелден 370 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тарттық. Мемлекет инвесторларды барлық жағынан қолдауға басымдық береді. Біз әрбір инвесторды жеке әрі кешенді қолдау қағидатын енгіздік.

Сонымен қатар Президент тікелей өзі төрағалық ететін шетелдік инвесторлар кеңесі іскер азаматтармен өзара ықпалдасатын негізгі алаң екенін атап өтті. Нақты секторға тікелей инвестиция тартудан бөлек, құнды қағаздар нарығын дамыту мен шетелдік порт-фельді инвесторларды елге әкелуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл ретте Қазақстан аймақтағы ірі капитал нарығын құрап отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ұлттық банк негізгі қаржылық реттеуші ретінде қор нарықтарын одан әрі дамыту жолында белсенді жұмыс істеп жатыр. Қазақстанда бұл саланың құқықтық және инфрақұрылымдық бағыты жетілдірілген. Елімізде екі қор биржасы – Алматыдағы KASE және Астана халықаралық қаржы орталығы табысты қызмет атқарып келеді. Әлемдегі жетекші уран өндіруші «Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорыны мен қаржы технологиясы бойынша аймақтағы көшбасшы Kaspi.kz IPO-лары капитал нарығының динамикасын арттырып, ілгерілеуіне үлес қосты.

Дуглас Снайдер «Luxor Capital» президенті:

– Құрметті Президент мырза, сізбен кездесу біз үшін үлкен мәртебе. Сіздердің мұнда атқарған жұмыстарыңызға тәнтімін. Сондықтан біз серіктестікті одан әрі жандандырығымыз келеді. Біздің компания тек дамушы нарықтарда ғана емес, жекелей корпорациялар мен салалар бойынша мұнда жұмыс істегіміз келеді.