Түркиядағы шеруде оппозиция өкілдері электр жарығы үшін ай сайын келетін шотты өртеді

Түркияда қаңтар айында инфляция 50 процентке өсіп, электр энергиясының құны күрт шарықтады. Бұл желтоқсанда ұлттық валютаның құнсыздануынан зардап шеккен тұрғындар үшін ауыр тиіп жатыр. Оппозиция өкілдері мен дүкен қожайындары көшеге шығып, наразылық танытып, коммуналдық есеп-шот қағаздарын жақты. Олардың айтуынша, электр энергиясының бағасы пәтерді жалға алу құнынан асып кетеді. Мысалы, электр қуаты коммерциялық нысандар үшін 125 процентке өскен.  

БЛИЦ:

- Біз биліктен мәселені қайта қарауды талап етеміз. Олар келесі айға дейін электр энергиясының құнын түсірсе дейміз.

- Электр компаниясы бағаны өсіруді жалғыз өзі шешпеген шығар. Бұл биліктің бұйырығымен жүзеге асып отырған шара. Сондықтан үкіметтен оның күшін жоюды сұраймыз.

Бельгияда қуырылған картоп бағасы қымбаттады

Бельгияда жанар-жағармай мен шикізаттың қымбаттауынан баға тоқтаусыз өсіп жатыр. Корольдікте желтоқсан айында инфляция 6,6 процентке жеткен. Кәсіпкерлер шығынға батпас үшін тауар мен қызмет құнын қымбаттатуға мәжбүр. Мысалы, елде ұлттық тағамға айналған қуырылған картоп сататын ірі желі бағаны көтермек. 

Бернар Лефевр, қуырылған картоп өндірушілер одағының президенті:

- Қуырылған картоп еліміздегі ең танымал тағамның бірі. Сондықтан оның 10-20 центке қымбаттауы біз үшін өте ауыр тиейін деп отыр. Бірақ энергия бағасы қымбаттап, шығындарымыз артқандықтан осындай қадамға баруға мәжбүрміз.

Мексикада инфляция соңғы 20 жылдағы жоғары деңгейге жетті

Мексикада да баға өсіп, инфляция 20 жылдағы ең жоғарғы деңгейге жеткен. Өткен айдың өзінде оның көлемі 7 процентке артқан.

Сарапшылардың пікірінше, ел экономикасы өткен жылдың екінші жартысынан тоқтап, тоқырауға түскен. Мехико шаһарындағы базардың бірінде жеміс-жидек сатумен айналысатын Мигель Алехо желтоқсан айында мүлде сауда болмағанын айтады. Саудагерлер бағаның өсуі тұтынушылардың сатып алу қабілетін төмендетіп жібергенін айтты. 

БЛИЦ:

- Бәрі қымбаттап, жағдайымыз қиындады. Кей кездері сатуға аз ғана тауар әкелеміз. Себебі баяғыдай сауда жоқ.

- Жеміс-жидек арзан болғанда тұтынушыларымыз көп болатын. Қазір бәрі қымбаттап, кірісімз азайып кетті. 

Египетте билік нанға субсидияны қайта қарайды

Египет билігі дүние жүзінде бидай бағасының қымбаттауынан нанға субсидия беруден бас тартуды көздеп отыр. Ежелден келе жатқан бұл жүйе бойынша Мысырдың 60 миллион тұрғыны, яғни халықтың үштен екісі күн сайын 5 бөлке нанды айына жарты долларға сатып алады. Бірақ әлемде бидай құнының қымбаттауынан мемлекет бюджетіне ауыртпалық түскен. Үкімет наурыз айында азық-түлікті сатып алуға бөлінетін көмек қаржыларды қайта қарауға ниетті. Бірақ 1977 жылы дәл осы субсидияны тоқтату елде жаппай шерулерге әкелген болатын. 

Дәурен Ақашұлы