Ресей президенті Украина сарбаздарын қаруды тастап, отбасыларына оралуға шақырды

Екі ел арасындағы ахуалды жуналист Ғани Мұқашұлы рет-ретімен айтып береді.

Бүгін Украина халқы ұйқыдан шошып оянды. Таңғы бестер шамасынан бірнеше қалада атылған оқ пен жарылыстың дыбыстары естіле бастады. Бұл дыбыстар қала жанындағы әуежайлар мен әскери базалардың маңайынан естілді. Дәл осы уақытта Ресей президенті федералдық телеарналардан ел халқына үндеу жасап, Донбасста арнайы әскери операция бастау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Кремль басшысы бұл шешімін Біріккен Ұлттар Ұйымы жарғысының 51-бабына және Федерация Кеңесінің санкциясына сәйкес деп негіздеді. Путин мәлімдемесінде «Біз Украинаны қарусыздандыруға және нацизмнен арылтуға ұмтыламыз, Украинаны басып алу біздің жоспарымызға кірмейді» – деді.

Владимир Путин, Ресей федерациясының президенті:

– Жағдай қандай да бір шешім қабылдауды және жедел әрекет етуді талап етеді. Донбасс халық республикалары Ресейден көмек сұрап жүгінді. Осыған байланысты, БҰҰ Жарғысының 51-бабына сәйкес федерация Кеңесінің санкциясымен және федералды жиналыс бекіткен ДХР мен ЛХР-мен достық және өзара көмек туралы келісімдерді орындау үшін мен арнайы әскери операция жасау туралы шешім қабылдадым.

Операцияның басты мақсаты тұрғындарды қорғау, – деді Путин. Сондай-ақ Ресей президенті Украина сарбаздарын қаруды тастап, отбасыларына оралуға шақырды.