Дархан Қалетаев: Қазақстан азаматтары Украинадан бүгін түнде ұшуы мүмкін

Қазірге дейін 500-ден астам Қазақстан азаматы Украина аумағынан қауіпсіз жерге кетуге өтініш білдірді. Алғашқы автобус Польша шекарасына қарай бағыт алды. Эвакуациялау осы елдің әуе кеңістігі арқылы жүргізіледі. Қазақстандықтардың жиналу орыны ретінде Львов қаласы таңдалды. Бұл туралы Қазақстанның Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі Дархан Қалетаев айтты.

Дархан Қалетаев, Қазақстанның Украинадағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Украина батысында орналасқандықтан Львов ең қауіпсіз қала ретінде таңдалды. Сонымен қатар бұл шаһар Польша шекарасына да жақын. Жолаушыларды автобусқа отырғызып, "жасыл дәліз" арқылы белгіленген межеге дейін жеткіземіз. Польша Еуропалық Одаққа мүше болғандықтан көп азаматта шенген визасы жоқ. Бастапқыда осы жағынан түйткілдер болуы мүмкін деп ойлағанбыз. Бірақ Польшадағы біздің елшілік жергілікті билікпен келіссөз жүргізіп, Краковец әуежайынан Қазақстанға ұшу туралы уағдаласты. Ұшақ ертең түскі уақытта Алматыға қонады деген үміттеміз.