С. Қамалетдинов: Әскерді күшейту – басты міндеттеріміздің бірі

Қорғаныс күштерінің кейбір құрамдарында әскери қызметшілер тапшы. Бұл туралы бүгін министрдің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов Сенат қабырғасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, қалыптасқан жағдайды реттеу үшін запастағы 190 офицер жұмысқа шақырылды. Олардың арасында байланыс, медицина және айти мамандары басым. Сондай-ақ жақын арада министрліктің тапсырысы бойынша брондалған танк, ракеталық-артиллериялық қаруландыруға қажетті техника сатып алу жоспарда бар.

Сұлтан Қамалетдинов, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

– Біз әскерді қаруландыру мақсатында түрлі жаңа техника аламыз. Олар заманауи танк, ракеталық-артиллериялық, теңіз және әуе әскерлеріне жіберіледі. Бұл шаралар жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Олардың әлемде болып жатқан қақтығыстарға қатысы жоқ. Әскерді күшейту - басты міндеттеріміз бірі. Кез келген озбырлыққа дайын болуымыз қерек. Сондықтан түрлі жаттығу мен дайындықтар өткіземіз. Қазір елде рота, батальондардар мен техника қызметін үйлестіру жүріп жатыр.