Президент резиденциясы не үшін бұзылады?

Кеше Президенттің Алматыдағы резиденциясы сүрілетіні хабарланды. Бұған не себеп? Мемлекет басшысының осы шешімін алматылықтар қалай қабылдады?

Қаңтар оқиғасы кезінде Президенттің Алматыдағы резиденциясына да шабуыл жасалғанын білеміз. Қазіргі көрінісі, міне, мынадай....

Өткенге шегініс жасасақ. Бұл ғимарат алғашқыда Брежнев алаңындағы Ленин мұражайының кешені ретінде салына бастады. Ал 1986 жылы елдегі саяси толқуларға байланысты құрылысы тоқтады. Ол кезде ғимарат 90 процентке дайын еді. Құрылыс жұмыстары 1993 жылы қайта жанданды. Сөйтіп ғимараттың әуел баста айтылғандай музей кешені емес, Қазақстан Президентінің резиденциясы болатыны жарияланды. Құрылысы 1995 жылы аяқталды. Ал 1998-де ел астанасы Ақмолаға көшірілгенде, бұл ғимарат Президент резиденциясы мәртебесін сақтап қалды. 2000 жылдың қазанында Резиденция кешені республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне қосылды. Содан бері ғимарат мемлекеттік қорғауға алынған. Ал қаңтарда өртенді. Осыдан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаев даңғылында атшаптырым аумақты алып жатқан резиденцияны сүру туралы шешім қабылдады. Мұны кеше Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады. Енді резиденцияның орнына қала тұрғындары үшін саябақ салынады.

АЛМАТЫ ӘКІМДІГІНІҢ ҒИМАРАТЫ ҚАШАН ЖӨНДЕЛЕДІ?

Бұл да бір кездері президент резиденциясы болған. 1980-жылдары салынған ғимаратта 1991-ден 1994 жылға дейін Нұрсұлтан Назарбаев отырды. Одан соң Алматы қаласы әкімдігінің ғимараты болды. Қасіретті қаңтарда қирап, өртеніп, құр қабырғасы қалған. Түгел жанып кеткен. Мұндағы жұмыстың ауқымдылығы сонша, әлі күнге дейін құрылыс жұмыстары басталмаған.

– Сапар Сейілханұлы, енді көріп тұрғанымыздай, әкімдікте құрылыс жұмыстары басталмаған екен. Осы кезге дейін қандай шаруа атқарылды?

Сапар Нұрашев, Алматы қаласы жайлы қалалық орта басқармасының басшысы:

– Енді өздеріңіз білетіндей, қаңтардың бесі мен алтысы Алматы қаласы әкімшілігінің ғимараты отқа оранып жатты. Екі күн бойы. Температуралық әсері болғаннан кейін бұл трек құрылғылар қандай жағдайда тұрғанын ешкім білген жоқ. Сондықтан біз Қаз Ниса АҚ-қа тапсырыс беріп, осы трек құрылғыларын толықтай зерттеп шығуына. Ол мекемеме бізге қорытындысын берді. Трек құрылымдардың басым бөлігі тұрақты деп табылды. Сметалық құжаттарымыз осы наурыз айдың 20-25 мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытындыны алады деп жоспарлап отырмыз. Оған дейін біз енді тоспай ғимараттың ішін сыртын тазарту жұмыстарын жүргіздік.

– Жалпы болжаммен Алматы қаласын қашан толық қалпына келтіресіздер?

Сапар Нұрашев, Алматы қаласы жайлы қалалық орта басқармасының басшысы:

– Біздің жоспар бойынша енді ұзақ құрылыс жүргізілетін ғимарат – ол осы Алматы қаласы әкімшілігі. Және де Желтоқсан көшесінде тұрған «Хабар» мен «Қазақстан» арналарының ғимараттары. Бұл ғимараттар бойынша жұмыстар осы жылдың соңына дейін жүреді деп жоспарлап отырмыз. Қалған нысандар бойынша жұмыстар 2-3 айда толық аяқталады деген сенімдеміз.

ҚАЛА ҚАШАН ТОЛЫҚ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛЕДІ?

Көп жерде бизнес нысандары тоналып, ғимараттар отқа оранды. Қаладағы бірқатар нысанды бизнес өкілдері жөндеп береміз депті. Ал әкімдік «Хабар» мен «Қазақстан» арналарының филиалдары орналасқан нысан, қалалық полиция департаменті мен аудандық полиция басқармаларының ғимараттары сынды мемлекеттік мекемелерге қаржы бюджеттен бөлінеді. Бірақ шығын көлемі әлі нақтыланбаған. Бір анығы, биылдан ұзамай қала толық қалпына келтірілмек. Әкімдік өкілінің сөзінен осыны ұқтық. Ал Алматының қазіргі көрінісі осындай. Жұрт қалыпты тіршілігіне оралған.

Қорған Қонысбайлы, Асхат Қарақойшиев, Әсел Орынтаева