Ауғанстан мен Орталық Азиядағы террорлық топтардан қауіп сейілген жоқ

Ауғанстан мен Орталық Азия өңірінде лаңкестік топтар әлі де бар. Радикалды ұйымдардан келетін қауіп толық сейілген жоқ.

Бұл туралы Өзбекстан астанасында өтіп жатқан ғаламдық терроризмге қарсы стратегия жөніндегі конференцияда сөз болды. Еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанда 5 жыл бұрын лаңкестікпен күрес бағдарламасы қабылданғанын айтты. Биыл бұл құжат жаңарады. Сондай-ақ еліміз тұрақтылықты сақтау жолында Біріккен Ұлттар Ұйымының терроризмге қарсы басқармасымен тығыз жұмыс істейді. Дүниежүзілік құрылым Қазақстан бастамасымен арнайы іс-қимыл кодексінің қабылдануына ықпал етті. Оған әлемнің 60-қа жуық мемлекеті қосылды. Кодекстің негізгі мақсаты лаңкестік ошақтардан бейбіт тұрғындарды шығарып, қоғамға қайта бейімдеу. Өзбекстан да осы бағытта тиісті қадамдар жасауға кірісті.

Мұхтар Тілеуберді ҚР Премьер-министрінің орынбасары - ҚР Сыртқы істер министрі:

- Кодексте халықаралық террорлық топтарға бірлесіп тойтарыс беру жолдары айқындалған. Қазақстан бұл бағытта «Жусан» және «Русафа» операцияларын жүзеге асырды. Кейінгі 3 жылда Сирия мен Ирактан 607 азамат елге оралды. Яғни репатриация саласында мол тәжірибе жинақталды. Ауғанстан мен Орталық Азия елдерінде лаңкестік ұйымдар әлі де бар. Былтыр бұл елден халықаралық коалицияның шығарылуы жағдайға оң әсер еткен жоқ. Радикалды идеология кең тарап барады. Ұйымдасқан қылмыстық топ, есірткі тасымалы және заңсыз көші-қон ағыны аталған мәселені күрделендіріп жіберді.