Ф.Октай: Түрік елі Қасым-Жомарт Кемелұлының сапарын асыға күтеді  

Мемлекет басшысы Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Түркияның вице-президенті Фуат Октайды қабылдады.

Әңгімелесу барысында олар Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытудың келешегі мен халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Фуат Октайға ілтипат білдіре отырып, Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоғанға жүрекжарды сәлемін жолдады және оның биыл мамыр айында Түркияға сапармен келу жөніндегі шақыртуын шын көңілмен қабыл алғанын жеткізді.

Түркияның вице-президенті өз кезегінде Президент Режеп Тайип Ердоғанның Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына жолдаған сәлемін жеткізді.

Фуат Октай Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық байланыстардың 30 жылдығына орай жолдаған түрік басшысының құттықтау хатын жеткізді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның биыл қазан айында елордада өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне қатысу туралы шешіміне ризашылық білдірді.