Қазақстан мен Ресей сыртқы істер министрлері кездесті

Қазақстанның cыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді жұмыс сапарымен Мәскеуге барып, ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалар бойынша екіжақты ынтымақтастық жайын талқылады. Ресейлік банктердің Қазақстандағы жұмысы да сөз болды. Мұхтар Тілеуберді «Сбербанктің» Қазақстандағы филиалдарына қатысты санкциялардың 3 айдан кейін ғана күшіне енетінін айтты. Бұдан бөлек, сала басшылары түрлі ұйымдар аясындағы әріптестікті және Орталық Азияда тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін қарастырды.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР сыртқы істер министрі:

– Қазақстан «Сбербанктің» еншілес ұйымына қатысты санкцияларды қолдану мерзімін 3 айға, яғни 13 маусымға дейін ұзартты. Бұл бізге Қазақстанның халықаралық банкімен және «Сбербанкпен» несиелік портфель сатып алу жөнінде келісім жасауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ «Альфабанктің» Қазақстандағы еншілес банкін сатып алу бойынша келіссөздер жүріп жатыр.

Сергей Лавров, РФ сыртқы істер министрі:

–  Егер біз одақтық және стратегиялық әріптестікті Ресейдегі және Қазақстандағы кейбір ақпарат құралдарына сүйеніп, анықтайтын болсақ, онда біз шынайы жағдайды бұрмалап жібереміз. Жоқ жерден мәселе тауып беретіндер әрқашан да табылады. Біз бауырлас елміз, азаматтарымыздың екі елдің аумағында емін-еркін жүріп-тұруына ешқандай шектеу жоқ. Тұрғылықты жерін таңдау құқығына Ресей Конституциясында да кепілдік берілген.