Ресейде Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды

Ресейдің Калининград қаласында ашылған Қазақстанның құрметті консулдығы енді қандастарымызға қолдау көрсетеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін шаһарда консулдық қызметтер Санк-Петербургтағы бас консулдық арқылы көрсетіліп келген еді. Енді азаматтарымызға консулдық қызметтер жеңілдей түспек. Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев Калининград облысына сапары барысында аймақ губернаторы Антон Әлихановпен келіссөз өткізді. Тараптар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және туризм саласында ынтымақтастық әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Пандемияға қарамастан Қазақстанмен соңғы жылы екіжақты сауда айналымы ұлғайған. Мысалы, 2020 жылы оның көлемі 54,9 миллион долларды құраса, былтыр 66 миллион долларға дейін жеткен.

Антон Алиханов, Калининград облысының губернаторы:

– Қазақстан – біз үшін ең жақын елдің бірі. Калининград аймағын сіздің елмен туыстық және достық қатынастар байланыстырады. Консулдық виза және өзге де консулдық мәселелерді шешуге көмектеседі. Сонымен қатар Қазақстан аймақтарымен қарым-қатынасымызды одан әрі дамытуға да ықпал ететініне сенімдіміз.

Ермек Көшербаев, ҚР-ның Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі.

– Құрметті консулдық еліміздің экономикалық, гуманитарлық және мәдени мүдделері тоғысқан жерде ашылады. Бұл жерде біздің қандастарымыз да көп. Осы тұрғыдан жаңа консулдық оларға қолдау көрсетеді деген сенімдіміз.