Қазақстан мен Марокко арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толды

Биыл Қазақстан мен Марокко Корольдігі арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл. Айтулы датаға орай, ел астанасы Рабатта «Дипломатиялық форум» өтті. Оған осы елдің  парламент мүшелері, саясаткерлер, шетелдік елшілер, халықаралық ұйым өкілдері қатысты.

Марокко Корольдігі Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған және алғаш болып дипломатиялық қатынас орнатқан негізгі серіктестің бірі. Халықаралық мәселелерде ұстанымыз ұқсас. Сондықтан Рабатта елшілігіміз ашылуы кездейсоқ емес. Қазірге дейін екі ел арасында саяси шешімін таппаған мәселе жоқ. Еліміздің Мароккодағы Төтенше және өкілетті Елшісі Сәулекүл Сайлауқызы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына арналған форумда осылай деді.

Сәулекүл Сайлауқызы, Қазақстанның Мароккодағы Төтенше және өкілетті Елшісі:

- Бүгінгі іс-шарының мақсаты Қазақстан мен Марокко Корольдігі арасында дипломатиялық қарым-қатынасты орнатқанына 30 жылды тойлау. Қазақстанның Марокко Корольдігіндегі Елшілігі былтыр 2021 жылы ашылды. Биыл бірінші рет осындай ауқымды іс-шара өткізіп жатырмыз. Шараға Марокконың үкімет адамдары, депутаттары, дип. Корпус өкілдері, мәдениет қайраткерлері, іскерлер мен жастар қатысуда. 30 жылдағы жұмыстарымыз, алдағы жоспар жөнінде айтатын боламын.

Қос ел арасында тауар айналымы 2021 жылы 82% өсті. Ал биыл бірінші тоқсанда сауда 58%-ке артқан. Бұл бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік бар. Әсіресе болашақта туризм, білім, ғылым, химия, жасыл технология, инновация, қаржы, IT, фармацевтика, аэроғарыш, жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі саласының әлеуеті зор.

Мухаммеду Юсифу,  Камерун Республикасының Марокко Корольдігіндегі Елшісі:

-  Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігінің дипломатиялық қарым-қатынасы - шынайы достық пен әріптестіктің айқын көрінісі. Қазақстан мен Марокконың дипломатиялық және саяси қарым-қатынастары сындарлы диалог негізінде құрылған. Бұл қарым-қатынас арқылы Қазақстан Африка құрлығындағы басқа да елдермен бірігіп жұмыс істейді деген үміт бар.

Фуад Лархзизер, Сиди Мұхаммед бен Абдалла Университетінің ғылыми қызметкері: 

- Қазақстанда түрлі дін мен ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмір сүруі әлемге үлгі. Дінаралық диалогтың нәтижелерімен жақсы таныспыз. Бұл тұрақтылықтың дәлелі. Сондықтан барлық салада ынтымақтастықты арттыруға қолайлы мүмкіндік бар.

Елдің ең беделді Магреб ақпарат агенттігі ғимаратында өткен халықаралық шара барысында, Жаңа Қазақстан ұстанымы мен реформалары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сондай-ақ Қазақстанның тұмса табиғаты мен әлемдік аренадағы бастамалары жайлы фотокөрме өтті.