Шетелге заңсыз кеткен қаржы қайтарылады – Қошанов

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осылай деді. Палата спикері, сыртқа кеткен қаражатты қайтаруға қатысты құрылғаны комиссияның қазір жұмыс істеп жатқанын айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сол комиссия екі аптада бір рет Президентке есеп беріп отырады. Комиссия жұмысының нәтижесін күту керек. Яғни, бұл бір-екі күнде бітетін оңай жұмыс емес. Себебі оның заңсыз шығарылғанын дәлелдеу қажет, дейді. Айта кету керек, биыл ақпан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелге заңсыз асырылған қаржыны қайтару жөнінде тапсырма берген.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Заң алдында барлығы бірдей. Егер заңсыз шығарылған қаржы болса, кез келген адам заң алдында жауап береді. Осы орайда қаражат елге қайтарылады. Бірақ бұл іс-шаралардың тиісті жолдары бар. Сондықтан заңсыз шығарылған қаражатқа қатысты лауазымды қызметкерлер және басқа да адамдар жауап беретін болады.