Астана процесінің XVIII раунды аяқталды

Астана процесінің XVIII раунды аяқталды

Елордада Сирия жөніндегі Астана процесінің 18-раунды аяқталды. Кеңеске Иран, Ресей, Түркия мен Сирия үкіметі және оппозиция өкілдері қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Келіссөздер нәтижесінде тараптар бірқатар мәселер бойынша ортақ шешім қабылдап, бірлескен мәлімдеме жасады. Олар Израильдің Сирияға жасаған әскери шабуылдарын сынап, ондағы барлық қақтығысты тоқтату маңызды екенін және Шам елінің тұтастығы мен тәуелсіздігін мойындайтынын, террористік шабуылдарды қолдамайтындарын жеткізді. Құжат 19 тармақтан тұрады. Олардың арасында қақтығыстан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмекті көбейту, босқындарды туған жерге қайтару мәселелері қамтылған. Сонымен қатар, жиында Сирия концституциялық комитетінің отырысын Женевадан көшіру мәселесі де қаралды.

Санат Көшкімбаев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары:

– Айта кету керек, Астана процессінде 5 жылдан бері Сириядағы ахуалды тұрақтандыруға қатысты үлкен шешімдер қабылданды. Гуманитарлық дәліз жасау арқылы қарсы тараптың қарамағындағы аудандарға да дәрі-дәрмек, азық-түлік жағынан көмектесе алдық. Әскери тұтқындарды өзара айырбастауға да мүмкіндік туды. Түптеп келгенде елордадағы алаң қос тараптың бір-біріне деген сенімін арттыруға сеп болды.