Биыл Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 200 млн долларға жуықтады

Иран Ислам Республикасы Каспимен Парсы Шығанағы арасын жалғап жатқан алып мемлекет. Қазақстанмен тарихи байланысы терең. Шекарамыз құрлық арқылы түйсіпесе де теңізде тату көршіміз. Екі елдің дипломатиялық қатынас орнатқанына биыл отыз жыл. Осы уақытта жан-жақты байланыс нығайып, достығымыз беки түсті. Өңірлік және халықаралық ұйымдарда серіктес саналады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салада ынтымақтастық қалыптастқан.

Рамин Мехманпараст, Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы бұрынғы Елшісі:

- Бүкіл Еуразия аумағында азық-түлік және өндірістік қауіпсіздікті қамтуда Иран мен Қазақстанның рөлі зор. Қазіргі геосаяси ахуал үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Яғни екі ел энергоресурстарды, құрылыс материалдарын, азық-түлік пен өзге тауарларды бір-біріне ғана экспорттап немесе импорттап қоймай, Еуропа, Азия және Африка елдеріне шығара алады.

Биыл бірінші тоқсанның өзінде екі ел арасындағы тауар айналымы 200 млн долларға жуықтады. Төрт айда Өзен -Горган темір жол желісі арқылы 500 мың тоннадай жүк тасымалданған. Бұған қоса Каспий теңізі арқылы 589 мың тонна тауар жеткізілді. Яғни алыс-беріс пен барыс-келіс жылдан жылға артып келеді. Тағы ұлғайтуға екі елдің де әлеуеті жетеді.

Рамин Мехманпараст, Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы бұрынғы Елшісі (2004-2009 жж):

- Қазақстан мен Иран географиялық тұрғыда маңызды жерде орналасқан. Екі ел Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті байланыстыратын дәліз деуге болады. Мәселен Өзен - Горган темір жол желісі арқылы тасымалданатын тауардың түрі көп. Бірақ вагон жетіспейді. Бірлескен жоба аясында осы мәселені шешіп, тауар тасымалын көбейту қажет. Ақтау портының да мүмкіндігі жоғары. Бірақ айлақта орын аз. Біз Иран кемелері үшін арнайы айлақ бөлуді ұсынып отырмыз. Бұған қоса екі елдің кәсіпкерлері тұрақты қатынас орнату үшін аптасына екі рет ұшатын тікелей рейс ашу керек. Банк жүйесі мен виза беру саласында да ынтымақтастықты арттырған жөн.

Бүгінде Қазақстандық компаниялар Иранның Инче-Бурун станциясында астық терималын және Бандар-Аббас портында көлік-логистика орталығын салу мәселесін қарастырып жатыр. Алайда АҚШ тарапынан салынған санкция кесірінен оны жүзеге асыруға кедергі көп. Осы және өзге де мәселелерді Иран басшысымен талқылау үшін Президент Қасым Жомарт Тоқаев Тегеранға ресми сапармен арнайы келеді.