Вена конференциясы: ядролық қарусызданудың мерзімі белгіленуі мүмкін

Вена конференциясы: ядролық қарусызданудың мерзімі белгіленуі мүмкін

Қазақстан – өз аймағы мен бүкіл әлемдегі антиядролық қозғалыстың көшбасшысы. Бұл туралы Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың бірінші конферецниясына қатысушылар мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан делегациясын Премьер-министрдің орынбасары – елдің сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастап барды. Конференцияда ядролық қарусызданудың мерзімі белгіленуі мүмкін.

Жанат Эрнст, тілші:

– Венада Австрияның төрағалығымен Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қатысушы елдердің бірінші кездесуі өтіп жатыр. Қазақстан, Мексика және Таиланд жиынға орынбасар елдер ретінде сайланған. Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, Қазақстан бүкіл әлемде ядролық қаруға толық тыйым салу керектігін қолдайды. Осы ұстанымы үшін де Шартқа қосылып отыр.

Министр еліміз ядролық қаруды жою бойынша жаһандық қозғалыстың алғы шебінде тұрғанын және бұл басты мақсатымыз екенін ерекше айтып кетті.  

Мұхтар Тілеуберді, Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі:

– Ең біріншіден, біз Кеңес одағы кезінен қалған ядролық қаруды жойдық. Екіншіден, Семейдегі ядролық полигонымызды жаптық. Үшіншіден, біз Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құру жөнінде бастама ұсынып, сол келісімге қол жеткіздік. Қазіргі уақытта Орталық Азиядағы ядролық қарусыз аймақ пен әлемдегі осындай басқа аймақтармен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды көздеп отырмыз. Қазір Африкадағы және Латын Америкасындағы ядролық қарусыз аймақтармен тиісті мемроандумға қол қоюға іс-әрекет жасап жатырмыз.

Хироцугу Терасаки, «Сoka Gakkai International» атқарушы директоры:

– Қазақстан – Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құруды ұсынған антиядролық қозғалыстың көшбасшысы. 2019 жылы Қазақстанға барып, Семей полигонын көрдім. Қазақстандықтардың қарусыздану мен бейбітшілік үшін белсенді күресі және ядролық қаруға тыйым салу Келісімін өте тез ратификациялағаны маған үлкен әсер етті. Конференцияның ашылуында сыртқы істер министріңіздің баяндамасынан Қазақстан осы Келісімді жүзеге асыруға қандай үлес қосып жатқанын білдік. 

Қазақстан ұсынған соңғы бастамаларының бірі – ядролық сынақтардан зардап шеккендерді емдеу және қоршаған ортаны қорғауға арналған жобаларды қаржыландыру үшін Халықаралық траст қорын құру. Ядролық сынақтардан зардап шеккендердің атынан форумда қозғалыс белсендісі Кәріпбек Күйіков сөз сөйледі. Ол ядролық қарудан ада әлемге тезірек жетуге шақырды. Күйіков салған суреттер мен өзге экспонаттар «Қазақстан: ядролық сұмдықтан бейбітшілік орталығына» атты көрмеге қойылды.

Александр Шалленберг, Австрияның Еуропалық және халықаралық істер министрі:

– Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың алғашқы конференциясын Венада өткізіп жатқанымызды мақтан тұтамын. Ұзақ жылдар бойы бізде осындай келісім болған жоқ, ал бүгін мұнда 40 ел мен халықаралық ұйымдардың өкілдері бас қосты. Бұл тұста әр дауыс өте маңызды, өйткені мақсатымыз ядролық қаруға тыйым салу. Ал бүгінгі конференция - көпжақты ынтымақтастықтың күшті бір көрінісі. Қазақстандық әріптестерімізбен эконмикалық қатынастар мен екіжақты ынтымақтастығымыздың өзге де мәселелерін талқыладық.

Жанат Эрнст, тілші:

Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың бірінші конференциясы 23 маусымға дейін жалғасады. Жиын соңында Вена декларациясы мен Шартты іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары қабылданбақ. Қазақстан 2024-2026 жылдарға жоспарланған Шарттың үшінші отырысына төрағалық етуге ниетті. Ядролық қарусыздандыруға қосқан тарихи үлесін алға тарта отырып, еліміз өз кандидатурасын ұсынды.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов