Депутаттар Үкіметке өкпелі

Парламенттің бұл сессиясында депутаттар халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау сынды жұртшылықты  мазалаған сұрақтарды көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкімет мүшелері ауыл аймақтардағы ағайынмен кездеспейді. Кабинеттен шықпаған министр ондағы ахуалды білмейді. Сондықтан мардымды жауап ала алмайсың. Осылай деген мәжілісмен Елнұр Бейсенбаев, қалтаны қаққан қымбатшылық мәселесін Парламент қабырғасында сан мәрте көтерді. Алайда  биліктегілер құрғақ уәдеге тойдырып, жаттанды жауаптан ары аспапты.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Менің келіншегім барады, менің мамам барады мен оның бағасын білмеймін деген түсініксіз жауаптармен Үкімет мүшелері немесе әкімдер халықты тойдырмай-ақ қойсын дегенді айтамын басқа айтарым жоқ. Бір рет емес бірнеше рет жұмыс топтарында да комиссиялық  отырыстарда бірге барып базар аралап көріп жатырмыз. Иә қымбатшылық бар. Едәуір қымбатшылық бар.

Кейбір дөкейлер Парламентке дайындалмай келеді. Оның үстіне мемлекеттік тілде сөйлеуге құлықсыздық танытады. Қит етсе хат арқылы жауап береміз дегенді журналистер де жиі естиді. Ондайларға мәжілісменнің айтары бар.

Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Нақты қойылған мәселе төңірегінде көп жағдайда жазбаша жауап беруге рұқсат сұрайды. Ондай болса біз бір-бірімізге үкімет мынау тұр, Парламент мынау тұр хат жазып отыра берейік. Жұмыс онда бітпейді ғой.

Шамамен 1,2 млн азаматтық қызметшінің жалақысының өсуіне атсалысты. Жалпы алғанда қос палата 400-ден астам мәселені қарады. 127 заң жобасы қолға алынды. Оның 78-і қабылданды. Дегенмен шешілмеген түйткілдер де шаш етектен. Депутаттардан сырғытпа жауап беретін министрліктердің атауын жасырмай айтуын сұрадық. Жауабын бірге естиік.