Үкімет басшысы кәсіпкерлермен кеңесті

Елдің көлік қатынастарын дамыту стратегиясының жоспары қайта қаралады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Премьер-министр Әлихан Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне осындай тапсырма берді. Құжатты әзірлеуге уәкілетті органмен қатар бизнес қоғамдастықтың да өкілдері атсалысады. Бұл туралы бүгін отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысында айтылды. Жиында Ақтау портында контейнерлік хаб құру, өзен флотын жаңарту, Транскаспий халықаралық көлік бағдарының мүмкіндігін арттыру мәселелері талқыланды. Ал кәсіпкерлер жүк тасымалы саласындағы проблемаларды көтерді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Жол мұраты – жету. Егер жүйелі түрде әрекет етсек, нәтиже болады. Көлік саласы бойынша тәуекелдер көп. Геосаясаттағы ахуал және шетелдік тасымалдаушылардың көбеюі салдарынан бізде бәсекелестік артып жатыр. Жаңа кедергілер де жоқ емес. Сондықтан транзиттік әлеуетімізді арттырып, бар мүмкіндігімізді пайдалануымыз керек. Сонымен қатар осы салада жұмыс істейтін отандық бизнесмендерді қолдау бойынша шаралар қабылдауымыз керек. Ол үшін әрқашан ақылдасып, олардан түскен ұсынысты ескеріп, саралап бейімделіп отыруымыз керек.