Қазіргі Ата Заң Қазақстанға деген сенімді нығайтты – сарапшы

Конституция күніне орай Түркияда мерекелік шара өтті. Қазақстан елшілігі ұйымдастырған шараға түріктің белді саясаткерлері, ғалымдары, ірі компания және дипломатиялық миссия өкілдері қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шара барысында елші Еркебұлан Сәпиев, Ата заңның маңыздылығына тоқталып, адам құқығын кепілдендіретін бірден-бір құжат екенін атап өтті. Жиында түрік ғалымдары да сөз алды. Ал ірі компания өкілдері қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін тілге тиек етті. Қорғаныс министрлігіне қарасты «Сарбаздар» этно-фольклорлық ансамблінің «Үрлемелі аспаптар оркестрі» концерт қойды.

Хусейн Бағджы, сыртқы саясат институты директоры:

– Қазақстандағы Ата заң күнінің маңызы ерекше. Конституция еліңізді халықаралық деңгейде заң тұрғысынан қорғайтын сенімді және әлеммен лайықты түрде қарым-қатынас жасауды қамтамасыз ететін ең басты құжат. Бұған дейін бірқатар өзгеріс енгізілгенін көріп отырмыз. Қазіргі Ата заң Қазақстанға деген сенімді нығайтты. Ең маңыздысы да осы. Қазақ елін Конституция күнімен құттықтаймын.