Елордада Рим Папасының қатысуымен діни месса өтеді

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі аясында 14 қыркүйек күні елордада Рим Папасы Францисктің қатысуымен кең ауқымды діни мессасы өткзіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шараға қатысушыларды онлайн тіркеу тегін жүріп жатыр. Қазірдің өзінде елімізден және алыс-жақын шет мемлекеттерден бірнеше мың адам өтініш білдірген. Бұл – Рим папасы өткізетін діни құлшылық рәсім. Қасиетті месса рим-католик шіркеуіндегі ең басты, маңызды әрі салтанатты шараның бірі. Оның барысында діни әндер айтылып, дұға оқылады. Ереже бойынша Иса мәсіхтің өз шәкірттерімен жасаған ғибадаттары орындалады.

Райымбек Қадіров, дінтанушы

Бұл қасиетті Месса әлемнің түпкір-түпкірінде өткізіледі. Оны біздер Африкада көреміз, Таяу Шығыста болды мысалы, Еуропа мемлекеттерінде де өткізіліп тұрады. Бұл – жүз мыңдаған адамды жинайтын салтанатты шара болып табылады. Рим папасы кейбір уақытта мемлекеттік сапары аясында жүргізеді немесе тек қана мессаға барады. Біздің Қазақстанға ол кісі мемлекеттік сапары аясында съезге қатысушы ретінде және осы жергілікті католиктерге мессаны өткізуге арнап келіп отыр.

Қазақстан ТМД мемлекеттері арасында Ватиканмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан алғашқы ел. Рим Папасы екінші Иоанн Павелдің елімізге сапары мемлекетаралық ынтымақтастық дамуының айтулы оқиғасы еді. 2001 жылы ел астанасында 35 мың адамды жинаған, Қазақстанда өткен алғашқы месса тарих беттерінде сақтаулы.

Рухани Асқар, тілші:

Іс-шара 14 қыркүйек күні сағат 16:45-те қазір біз тұрған ЭКСПО павильонының аумағында басталады. Діни рәсімге қатысқысы келетіндер 1 қыркүйектен бастап kassir.kz сайтында онлайн тіркеуден өтіп жатыр. Мессаға кез келген дін мен конфессия өкілі қатыса алады. Тіркеу 11 қыркүйекке дейін жалғасады, жалпы, Рим Папасы өткізетін бұл рәсімге 10 мыңға жуық адам қатысады деп жоспарланып отыр. 3 мыңы республика аймақтарынан келсе, Еуропаның бірқатар елінен және көрші мемлекеттерден қатысушылар тіркелуде.

Назым Жанғазинова, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің ресми өкілі:

– Қазіргі таңда дайындық өте қатты жүріп жатыр, көріп жатырсыздар. Қала бойынша 12 автобус күтетін аялдамалар болады. Шаттл-бастар тұрғындарды жинап осы мессаға әкеледі. 170-тей шаттл-бас жұмыс істеп тұрады. Қайтадан месса өткеннен кейін сол аялдамаларға тұрғындарды апарады.

Әрине мыңдаған адамның бір жерде жиналуы қауіпсіздік пен тәртіп шараларын сақтауды талап етеді. Екі сағатқа созылатын рәсімге келушілер қарапайым ережелерді қаперде ұстағаны жөн. Мас күйде кіру, қолшатыр әкелу, өзімен бірге бөтелкедегі суды алып жүруге рұқсат жоқ. Билетте көрсетілген орыннан тыс жерге ауысуға да тыйым салынады.

Авторлары: Рухани Асқар, Ақылбек Есемсейіт, Артур Горшняков