Үкіметте су саласын дамыту жоспары талқыланды

Елімізде су саласын дамытудың үш жылдық кешенді жоспары әзірленіп жатыр. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоспар Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте қаралды. Қазір су кодексін әзірлеу басталды. Трансшекаралық өзендер бойынша келіссөздерде Қазақстанның ролін нығайту тапсырмасы тұр. Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы да бекітіледі. Ауыл шаруашылығы өндірушілерін су үнемдеу технологияларын пайдалануға ынталандыратын тетіктер дайындалмақ. Су қоймаларын салу жұмыстары да жанданады деп күтілуде. Магистральдық арналарды Бірыңғай цифрлық есепке алу жүйесі де дамымақ. Жиында Ақтөбе, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру бойынша өзекті мәселелер қаралды.