Рим Папасы Франциск жайлы не білеміз?

Рим Папасы Францисктің толық аты Хо́рхе Ма́рио Берго́льо католик шіркеуінің 266-шы басшысы және тарихтағы алғашқы иезуит папасы.

Ол әлемге жан-жақты, әрі қарапайым, тақтағы өзінің басты міндетінен басқа  әлемдік мәселелерді шешуде белсенді атсалысқан пантифик ретінде танымал.

Рим Епископы 1936 жылы желтоқсанның 17-сі Аргентина астанасы Буэнос-Айресте итальяндық эмигранттардың жанұясында дүниеге келді. Отбасында 5-бала. Буэнос-Айрес қаласында химия-технология мамандығы бойынша диплом алған. Кейін 22 жасында Рим-католик шіркеуінің ерлер арасындағы рухани дәрежедегі орденін алды. Сонан соң қасиетті Иосиф колледжін тамамдап, католик колледждерінде ұстаздық қызмет етті.

Рим Папасы Франциск Рим-католик шіркеуінің басшысы бола салысымен Ватиканның әкімшілік-басқару құрылымы мен ережелеріне көп өзгеріс енгізді. Ең алдымен, қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық кодекс және жалпы әкімшілік санкциялар ережелерін қарастырды. Осылай 1929-шы жылдан бері келе жатқан Әулие тақтың заңнамасын түпкілікті өзгертті. Шіркеуді басқаратын құрылымдарды қысқартты. Биыл наурыз айында Апостолдың жаңа Конституциясын бекітті.

Рим Папасы Франциск халықаралық сахнада да өте маңызды шараларды жүзеге асырды. Оның қатарында 2016 жылдың 12 ақпанында Кубада Понтификтің Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кириллмен кездесуін айтуға болады. Бұл Ресей православие шіркеуі мен  Католик шіркеуі жоғарғы басшылығының 1054 жылғы бөліністен кейін алғашқы кездесуі болды. 2017 жылы Швецияға тәуап етуге барғанда 16 ғасырда Еуропада әлеуметтік-саяси қозғалыс кең өріс алған кезде католиктердің зорлық-зомбылығы үшін кешірім сұрап, көптің көңілінен шықты. Әлемді елең еткізген тағы бір жайт 2019 жылы Рим Папасы Франциск Ватиканда Оңтүстік Суданның басшылары мен оппозициясын қабылдау кезінде тізе бүгіп аяқтарын сүйді. Осы арқылы қос тарапты қантөгісті тоқтатып, бейбіт келісімге келуіне ықпал етуге талпынды.