ТМД елдері саммиті: басқосуда қандай келісімдер жасалды

Айтулы шараға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан басшылары, сондай-ақ ТМД Атқару комитетінің төрағасы қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қорған Төреқожа, тілші:

– ТМД-ға мүше елдер басшылары кеңесінің отырысы аяқталды. Алдымен үлкен жиынға алдындағы сәтке тоқталсам.

Саммит алдында басшылар суретке түсті. Суретке түсуге бара жатқан жолда Путин мен Лукашенко өзара қысқаша сөйлесіп алғанын байқадық. Екеуара 20 секундтай сөйлесті. Арасында жымиып та алды. Ал елдердің басшыларын фотоға түсетін орынға дейін қазақ басшысы бастап барды.

Осыдан соң мәртебелі меймандар залға кірді. Әлиев пен Лукашенко өзара жымия сөйлесіп, орындарына жайғасты. Артта Садыров пен Пашинян келеді. Олардың ізін алып, шағын құрамдағы кездесу өтетін залға Қасым-Жомарт Тоқаев, Владимир Путин және Шавкат Мирзиеев кірді. Соңынан Рахмон мен ТМД кеңесінің отырысына алғаш рет қатысып жатқан Бердімұхамедов келді. Орындарына жайғаспас бұрын Путин мен Мирзиеев өзара сөйлесіп алды

Шағын құрамдағы кездесу өткен залда дөңгелек үстелдің басында Әзербайжан мен Армения басшылары қатар отырды. Ал тәжік пен қырғыз президенттері бір-біріне қарама қарсы жайғасқан. Осы жерде Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңес мүшесі ретінде Түрікменстан президенті, Сердар Бердімұхамедовтың отырысқа алғаш рет қатысып отырғанын айтып, қош келдіңіз деді. Қасым Жомарт Тоқаев климат мәселесін көтерді. Климаттың өзгеруі ТМД-ның барлық дерлік елінде су ресурстарымен қамтамасыз ету проблемасын шиеленістіре түсті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

– Біз бұл мәселемен түрлі халықаралық формат аясында айналысып, екіжақты негізде өзара тиімді шешімдерді қарастырамыз. Сонымен бірге достастықтың бүкіл кеңістігінде су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ әдістерін әзірлейтін уақыт келді. ТМД Атқарушы комитетіне трансшекаралық су ресурстарын өзара тиімді пайдалану жөнінде нақты ұсынымдар беруді ұсынамын.

ТМД атқарушы хатшысының лауазымын ТМД бас хатшысы етіп өзгерту туралы шешім қабылданды. Бұл жайында Қасым-Жомарт Тоқаев самитттің кеңейтілген отырысында айтты. «Бас хатшы лауазымының өзі белгілі бір дәрежеде, жалпы ұйымымыздың мәртебесін едәуір арттыратыны анық», – деді. Делегация басшылары 2023 жылы достастыққа Қырғыз елінің төрағалық етуі туралы шешім қабылдады. Ал Қазақстан мен Ресей Федерациясы теңтөраға болады. Қырғыздардың ұсынысымен ТМД мемлекеттері басшыларының келесі кеңесі 2023 жылдың 13 қазанында Бішкекте өтеді.