Қ.Әбден Павлодар облысында медицина қызметкерлерімен кездесті

Президенттікке кандидат Қарақат Әбден Павлодар облысына ат басын бұрды. Екібастұз қалалық ауруханасы жанындағы перзентханада жас аналармен және медицина қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Перзентхана өткен ғасырдың 80-жылдары салынған. Қазір мұнда аурухананы қосқанда 500-ден астам адам еңбек етеді. Жыл басынан 1739 сәби дүниеге келген. Ана мен бала өлімі тіркелген жоқ. Мекеме қызметкерлерімен кездесуде Қарақат Әбден өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырып, дәрігерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сауалдарына жауап берді. Екібастұзда облыстық штабқа қарасты кандидаттың сенімді өкілдері сайлаушыларды ақпараттандыру бойынша жұмыс істеп жатыр. Кандидат ертең облыс орталығы Павлодар қаласына барады.

Анар Айдарханова, кандидаттың Екібастұз қаласы бойынша сенімді өкілі:

Облыстық штаб Павлодар қаласында орналасқан. Екібастұзда 3 сенімді өкіл бар. 10 волонтер жұмысқа алынды. Ақпарат құралдарымызды таратуды бастадық. Кесте бойынша жұмыс жасап жатырмыз.