Сенат депутаттары жұмыс сапарымен Атырау облысында болды

Сапар аясында облыстық әкімдікте арнайы экономикалық аймақтың тиімділігі тақырыбында жиын өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басқосу барысында арнайы экономикалық аймақтың тиімділігі, жұмыспен қамту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайы пысықталды. Арнайы экономикалық аймақтарды құрудағы басты мақсат – инвестиция тарту, бәсекеге қабілетті өндірісті дамыту, жаңа технологияларды меңгере отырып импортты алмастыру және тұрғындарды жұмыспен қамту. Бүгінде еліміз бойынша құрылған аймақтарда 300-ден аса кәсіпорын 21 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Аталған аймақтардың бәрін аралап, мәселелерді шешу жолында бірге жұмыс істейміз – дейді сенаторлар.

Серікбай Трұмов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Атырау облысындағы арнайы экономикалық аймаққа 170 миллиард көлемінде инфрақұрылымға қаражат бөлінген. Бірақ әлі де болса 200 миллиард көлемінде қаражат қажет. Қазір инвесторлар келіп жұмыстарын бастап жатыр. Жаңағы техникалық экономикалық негіздеме, жобалық сметалық құжаттар басталды. Инвесторлар уәдесі бойынша алдағы 2024 жылдары осы зауытты іске қоспақ. Ал біз бір жағынан оған дайын емеспіз. Себебі біз инфрақұрылымды жеткізіп болуымыз керек оған дейін.