Кандидат Тұрсынбекова Кентау трансформатор зауытына барды

Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова үгіт-насихат науқанымен Түркістан облысына барды. Кентау трансформатор зауытына соғып, өндіріс ошағының жұмысымен танысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өзінің сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, мамандардың сұрақтарына жауап берді.

Бауыржан Құдайбергенов, кәсіпорынның басқарма төрағасы:

– Кездесу жақсы өтті. Орталықты аралап, біраз мәселелерді араладық. Өндіріс орнын көрсеттік. Енді экспортқа негізделген мекеме болғаннан кейін проблемасыз болмайды. Сол өз проблемамызды айттық.

МОТИВАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Сондай-ақ Салтанат Тұрсынбекова Түркістандағы «Шапағат» мотивация орталығына барды. Мұнда тірек қимыл аппараты зақымданған жандар емделеді. 2019 жылы ашылған орталықта қазір 11 адам көмек алуда.

Салтанат Тұрсынбекова, президенттікке кандидат:

– Өте керемет сұхбат өткіздік, осы жерде пікір алмастық. Мен өзім таң қалып отырғаным осындай жағдайға душар болған жандар соншалықты мінездері қайратты, іштерінен жігерлі, сенімдері мықты өмірге деген. Кейде сау адамның соншалықты құлшынып, өмірге деген үмітін, мақсатын байқамайсың.