Алты заңға Мемлекет басшысы жария түрде қол қойды

Еліміз қазір жаңа кезеңге қадам басты. Қоғамға өзгеріс керек. Сол өзгерістерге бастайтын алты заңға Мемлекет басшысы бүгін жария түрде қол қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Біріншісі «Конституциялық Сот туралы» заң. Екіншісі «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң. Үшінші құжат прокуратураға қатысты. Бұдан бөлек, Президенттің биылғы наурыздағы Жолдауында берген тапсырмаларын жүзеге асыру үшін Конституциялық заңға, заңнамалық актілерге және «Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне» өзгеріс енгізілді. Президент қол қойған бұл заңдар конституциялық реформа нәтижесінде әзірленді.

Референдум нәтижесінде билік тармақтары арасында байланыстың жаңа үлгісі қалыптасты. Енді азаматтар мемлекетті басқару ісіне араласа алады. Адам құқығы мен бостандығын қорғау күшейтілмек. Оған жоғарыда айтылған заңдар дәлел.

Қасым-Жомарт Тоқаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

- Конституциялық реформа Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталғанын айқындады. Сондай-ақ соңғы үш жылдағы саяси өзгерістерді орнықтырып, мемлекетімізді одан әрі нығайту үшін мықты негіз қалады. Бұдан былай әділеттілік, ашықтық және жанашырлық қағидаттары қатаң сақталады. Біз референдум арқылы бұрын-соңды болмаған сыртқы және ішкі сын-қатерлерге төтеп бере алатынымызды дәлелдедік. Конституциялық реформаны нақты жүзеге асыра бастадық.

Нақты жұмыстың дәлелі – Парламент аз уақытта жаңадан 3  конституциялық заңды қабылдап, 70 заңнамалық актіге түзету енгізді. Үшеудің бірі бүгін Президент қол қойған «Конституциялық Сот туралы» заң. Сот 2023 жылдың 1-ші қаңтарынан,,,, қызметін бастайды. Бұл кәдімгі соттан бөлек орган болады. Енді әрбір азамат өзінің конституциялық құқығы мен бостандығын тікелей осы жерде қорғай алады. Ал, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі, құзіреті мен дербестігі алғаш рет конституциялық заң деңгейінде бекітіліп отыр. Бас прокуратураның  да құқық қорғау функциясы күшейтілді. Тек құқықтық емес, саяси реформа да жасалып жатыр. Партияларды тіркеу мен жалпы сайлау жүйесі өзгереді.

Қасым-Жомарт Тоқаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

- Парламент қабылдаған заңдарда Қазақстанның аралас сайлау жүйесіне өту тәртібі айқындалды. Енді Мәжіліс пен облыстық мәслихат депуттарының бір бөлігі, аудандық мәслихат депутаттарының барлығы бір мандатты округ бойынша сайланады. Соның нәтижесінде өкілді органдар шынайы халық билігі тармағына айналады. Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері де сайланады. Бұл – ауыл әкімдерін сайлаудың логикалық жалғасы әрі мемлекеттік басқару жүйесін демократияландыруға ұмтылысымыздың нақты айғағы.

Парламент, әкімдер ғана емес, ата заңда Президенттің өкілеттігін 7 жылдық бір мерзіммен шектеу нормасы бекітілді. Бұдан қандай өзгеріс болады? Елге, жұртқа игілігі неде деген сұраққа Мемлекет басшысы жауап берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

- Заңдарда көрініс тапқан осы өзгеріс жоғары билікті жеке дара иеленуге байыта түседі.

Қорыта айтқанда конституциялық реформа ел тұғырын нығайтады. Азаматтық қоғамның дамуына жол ашады. Осылай деген Мемлекет басшысы «басты байлық – бұл біздің халқымыз және оның жайлы тұрмысы» деді. Ал, ол үшін не істелді?

Ол үшін ата заңда жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені нақты көрсетілді. Сондықтан Президент айтқандай реформа һәм ел экономикасы, ең алдымен, халықтың мүддесі мен игілігі үшін жұмыс істеуі қажет.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы