Түркі мемлекеттері ұйымының стратегиясы қабылданады

Бұл құжат бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынасты күшейтуге және тұрақтылық белдеуін нығайтуға ықпал етеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұны Самарқандта өткен ТМҰ саммитінде қазақ басшысы айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев жиында «біз өңірлік және жаһандық мәселелерді шешуге белсене атсалысып, қуатты күшке айналуымыз керек»,- деді. Себебі көріп отырмыз қазір геосаяси, гео-экономикалық текетірес салдарынан Еуразиядағы экономика және көлік-логистика жүйесі ыдырап барады. Бұл қиындықты еңсеру үшін түркілердің біріккені жөн.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық рөлі артып келеді. Біз Түркі әлемінің атажұрты ретінде өздеріңізбен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән береміз. Сондықтан ықпалдастығымызды одан әрі нығайтуға және оны жаңа белеске көтеруге мүдделіміз.

Саммитте қазақ басшысы бауырларын көлік логистиканы бірлесіп дамытуға шақырды. Қазақстанның бүгінгі бастамасы – түбі бір елдер арасында «Цифрлық көлік жүйесін» қалыптастыру. Бұл қадам жүктерді рәсімдеуді жеңілдетеді. Тасымал құжаттарын жылдам алмасуға жол ашады. Әрі халықаралық нарыққа шығуға, жаңа мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз көлік бағдарын көбейтуге және логистиканы өзара ықпалдастыруға мүдделіміз. Сол үшін 2025 жылға дейін тағы 20 миллиард доллар инвестиция тартуды көздеп отырмыз. Түркітілдес халықтардың құрлық ішіндегі көлік-транзит дәліздерін дамытуы айрықша маңызды. Бұл ретте сіздерді осы бағдарды барынша пайдалануға шақырамын. Транзиттік және экспорттық мүмкіндіктерімізді одан әрі жетілдірген жөн. Әсіресе, шекара бекеттерін жаңғыртуымыз керек. Сондай-ақ қолданыстағы теміржол және автокөлік бағыттарына балама жолдар табу үшін кешенді шаралар қабылдаған абзал.