Үкімет отырысында өрт қауіпсіздігін күшейту мәселесі талқыланды

Бірқатар өңірде өрт оқиғаларының саны өсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе Абай, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау облыстарында және Астана қаласындағы жағдай мәз емес. Көп жағдайда өртке қарапайым қауіпсіздік талаптарының бұзылуы себеп болады. Бұл жөнінде бүгін Үкімет отырысында айтылды. Осыған орай, қауіпсіздік талаптарын сақтауға, өрттің алдын-алуға бағытталған кешенді шаралар қабылдау қажет. Инспекциялардың өкілеттіктерін күшейту бойынша жұмыс жүргізу қажет. «Адамдар анықталған бұзушылықтарды жоюға және болашақта олардың алдын алуға өздері мүдделі болуы тиіс», – деді Үкімет басшысы.

Жауапты ведомство басшысы Юрий Ильиннің айтуынша, елдегі өрт санын азайту үшін үйлерді бақылап жүретін инспекторлар санын көбейту керек. Сондай ақ әр үйдің иесі өз қауіпсіздігін ойлап, арнайы белгі беретін құрылғы сатып алып орнату керек. «Ал өрт кезінде мүлкінен айрылып қалмау үшін қазақстандықтар баспанасын сақтандыру тәжірибесін қолданғаны абзал», – деді ол.